Елордада 200-ден астам адам «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтерлерін ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада 200-ден астам адам «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтерлерін ала алмай жүр

15.11.2019

Елордада 200-ден астам адам «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша пәтерлеріне қол жеткізе алмай жүр. 5 ай бұрын баспана кілтін алуы керек болған салымшылар құрылыс компаниясының уәдесінен әбден шаршадық деп отыр. Үйді пайдалануға беру мерзімі бір емес, бірнеше рет кейінге шегерілгендіктен шыдамы таусылған жұрт бүгін наразылық білдірді.  

Сапасыз делінген үйді сыртынан қарағанда әдемі көрінгенімен, ішкі жұмыстары әлі де көп. «Жалдамалы баспанаға ақша төлеп, артық шығынданып жатырмыз»,- дейді жұрт.

«Нұрлы жер» бағдарламасының операторлары құрылыстың созылғанына қатысымыз жоқ екендіктерін айтады. Бұған мердігер жауапты. Салымшылардың шу шығарғаны сол еді, осы құрылыс компаниясының өкілі де келді. Бет жүзін жасырып, камерадан қашқан ол «құрылыс жақында аяқталады» дегеннен басқа ештеңе айта алмады.

Бірақ жаңа жылды жаңа үйде қарсы алсақ деген тұрғындардың бұған сенімінен гөрі күдігі басым. Сондықтан жауаптылар бұл жолы сөзінде тұрмаса, құзырлы орындарға шағым түсірмекші.

Досжан МАРАТҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу