Ақтөбеде тағы да оқушы пышақталды. Оқиға өткен демалыс күні болған. Полиция департаментінің мәліметінше, бір топ бала Заречный-3 ауылында төбелескен. 15 жастағы Мадияр Исмағұлов алған жарақатының салдарынан көз жұмды. Тағы екі бала жарақат алған.
Марқұмды туыстары бүгін ақтық сапарға шығарып салды. Мадияр отбасындағы төрт баланың үлкені екен. Спортпен шұғылданған, жеткен жетістіктері де аз емес.
Болған жағдайға мектеп ұжымы да сене алар емес. Мадияр Исмағұлов тәртіпті, қатарластарының арасында беделді оқушы болған. Ұстаздар қайғылы хабарды полицейлерден естіген. Оқиғаға колледж оқушыларының да қатысы бар болуы мүмкін.
Жараланған баланы қасындағылары өз беттерінше ауруханаға апармақшы болған. Темір жол ауруханасы қызметкерлерінің айтуынша, белгісіз біреулер қақпа сыртынан келіп, пышақ жарақатын алған адамға көмек көрсетуді сұраған. Алайда, ақ халаттылар көмек беріп үлгермеген.
Бұл - жыл басынан бері оқушылардың қатысуымен болып отырған осындай төртінші жағдай. Жуырда ғана мұз айдынында қатарласын пышақтап өлтірген Шалқар ауданының 17 жастағы тұрғыны 9 жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Жақсыбек КЕМАЛ