Ақорда жарықсыз қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақорда жарықсыз қалды

11.11.2019

Ақорда жарықсыз қалды. Нұр-Сұлтан қаласында электр кабелі өртеніп, еліміздің ең басты деген ғимараттары бір жарым күн бойы электр тоғынсыз отыруға мәжбүр болды. Абырой болғанда, апат жұмыс күні емес, сенбіден жексенбіге қараған түні болған. Аспанмен таласқан үйлері бар бірақ көгілдір отыны жоқ бас қала үшін электр энергиясы өмірлік маңызды дүние. Ол болмаса шахардағы тіршілік те тұралап қалады.

Айтпақшы, бас қаланың басты символы Бәйтерек те жарықсыз қалған. Одан бөлек стратегиялық маңызды нысандар да электр энергиясыз отырды.

Әкімдіктегілер бұл апаттың салдарын жою үшін екі күн қажет болғанын айтады. Ол үшін арнайы топ «кірпік қақпай» жұмыс істепті. «Алдын-ала болжам бойынша, кабельдегі өрттің шығуына қысқа тұйықталу себеп болуы мүмкін. Алдағы уақытта стратегиялық маңызды нысандарды тоқтаусыз жарықпен қамту үшін қосымша станция қою жоспарланып отыр»,- дейді.

Бұл оқиға бойынша ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті. Ал жарықтың сөнуінен келген шығынның көлемі мен оны кім өтейтіндігі әзірге белгісіз.

Бұл оқиғаға байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы комиссия құруды тапсырды. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты. Комиссияның төрағасы вице-премьер Роман Скляр. Комиссияға мұқият зерттеу жасап, кінәлілерді анықтау тапсырылған.

Шерхан ЖАМБЫЛҰЛЫ 


Хабарламаларға жазылу