Басты Жаңалықтар Қарағандыда халықаралық құсбегілер сайысы өтті

Қарағандыда халықаралық құсбегілер сайысы өтті

Қарағанды облысында өткен халықаралық құсбегілер сайысына қатысушылар қатары, жыл сайын артып келеді. Жарыста еліміздің барлық өңірінен және Қырғызстан мен Моңғолиядан жиналған 80-ге жуық бүркітші бақ сынады. «Ұлы дала мұрасы» деп аталатын игі шара, Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығына орай ұйымдастырылған.

Жарыстың алғашқы күні құсбегілер қыранын қияға ұшырып, қолына қондырды және шырғаға салды. Әділ-қазылар алқасы құстың тек бабына ғана емес, саятшының киім үлгісі мен құрал-сайманына да баға берді. Айта кету керек, жарыс барысында тек бүркіттердің ғана емес, ителгілердің де бабы сыналды.

Бұл күні жеті қазынамыздың бірі – құмай тазылардың да жарысы өтті. Мамандар 35 иттің арасынан ең жүйрігі мен иісшілін анықтады. «Мақсатымыз — таза қанды тазыларды табу», - дейді ұйымдастырушылар. Жалпы үш күндік жарыс қорытындысы бойынша үздік шыққан қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Бөлісу