Батыс Қазақстанда ат спортын есекке мініп меңгереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда ат спортын есекке мініп меңгереді

11.11.2019

Ат спортын меңгерем десеңіз, есектен бастауға тура келеді. Батыс Қазақстандағы ұлттық спорт түрлері мектебінде атқа міне алмайтын, жаңадан келген спортшыларды есекке мінгізіп жаттықтырады екен. Оралда бір топ адам осы мәселеге, сондай-ақ облыстағы жалпы спорт саласының дамуына көңілі толмай, шағым айтты. Өңір - спорттық жетістіктер бойынша соңғы орында, басқарма басшысы 12 адамды жұмыстан заңсыз кетірді деген сияқты, халықтың айтары уәжі көп.

 №3 Облыстық спорт мектебі директорының орынбасары, Су спорты түрлері федерациясының президенті Серік Нұрғалиев облыстық спорт басқармасына Әсия Аманбаева келгелі кадр саласында түсініксіз ауыс-түйістер басталғанын, бокстан әлем чемпионы Галиб Жафаров, олимпиада қатысушысы Нұржан Кәрімжанов, тағы басқалар негізсіз жұмыстан қуылғанын айтады.

Спортшы Анна Фролова да «бапкерім жұмыстан заңсыз кетті» дейді. Сал ауруына шалдыққан ол арбадағы спорттық бимен айналысады. Енді әлем чемпионатына қатысуға бюджеттен бөлінетін тиесілі қаржыны ала алмай, елден жылу жинап жүр.

Дәл осы келеңсіздіктерді ақын Бауыржан Халиолла бір ай бұрын өңірге келген вице-премьер Бердібек Сапарбаевқа мінберден айтты. Әсіресе, ат спорты есек бағып отырғанын естігенде премьердің орынбасары қатты таңғалды.

Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Масқара ғой мынау енді. Ұят қой. Әркім өзінің қолынан келетін істі істеу керек. Екіншіден, әркім өзінің туысқандарын жинай беретін болса, не болады? Екі есек деген масқара енді. Құдай сақтасын. Сондықтан оған шара қолданамыз.

Ат спорты мектебінде, шынымен, есек бар екен. Екеу емес, төртеу. 37 атпен бірге бір қорада тұр. Мектеп басшысы "есек бізге керек" дейді. Қажеттілікті өтеу үшін.

Ержан Әлиев, Ұлттық спорт түрлері бойынша балалалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры:

Есек мектептің балансына алынған. 2017 жылы. Жаңадан келген спортшылар бірден үлкен атқа отырып кете алмайды. Сондықтан есектен жайлап үйреніп, жаттығу барысында да қолданамыз.

Ал спорт басқармасының басшысы Әсия Аманбаева өзіне айтылған сын пікірмен келіспейді. «Биыл спорттың 30 түрінен өткен жазғы спартакиадада облыс республикадағы 17 аймақтың ішінен 10-шы, 11-ші орынға табан тіреген. Бірде-бір тренер заңсыз жұмыстан босатылған жоқ»,- дейді.

Б.Сапарбаев сапарынан соң, облысқа комиссия келіп кетті. Әзірге жұмыс қорытындысы белгісіз. Ал шағымданушы топ жік-жікке бөлінген саланың қалпына келіп, білікті мамандар жұмысына оралып, әділдіктің салтанат құруын талап етеді.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу