Жарық та жоқ, жол да жоқ. Мектеп, көлік, ол да жоқ. Көкшетаулықтар жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселелерді айтып, әкімдікке шағымданды. Олардың сөзінше, мектеп уақтылы жөнделмегендіктен, балалар өзге аудандағы білім ордасына баруға мәжбүр. Барайын десе, адамға лық толы қоғамдық көлік тоқтамайды. Яғни, автобус жетіспейді. Басты мәселелердің бірі жарық. Бірде бар да, бірде жоқ. Осыны айтып Көкшетаудағы бірнеше көшенің тұрғындары наразылық танытып отыр.
Мына мектептің жобасы о баста дұрыс жасалмағандықтан, іргетасын бұзып қайта салуға тура келді. Қыруар қаржы желге ұшты. Балалар болса, қаланың өзге аудандарында, үйлерінен алшақ орналасқан мектептерде оқуға мәжбүр.
Ал ауданда арық жүйесі жоқ. Салдарынан қар ерігенде немесе нөсер жауын жауғанда үйлерді су басады.
Тұрғындар талап тілектерін жергілікті билікке ашық жеткізуде. Электр энергияны үзбей беру жауапты мекемеге тапсырылды. Олар алдағы уақытта бірқатар жұмысты атқаруы тиіс. Ал тұрғындардың қалған мәселесін шешу келер жылға қалдырылды.
Ермек ЕЛБЕРГЕН