Павлодар облысында медицина саласын түбегейлі қаржыландыруға 2 миллиард теңге жетпейді. Себебі әр адамға ем-дом көрсету тарифі бойынша өңірде ең төменгі көрсеткіш белгіленген. Ауылды тастап, қалаға көшіп кетіп жатқандар бойынша да облыс алдыңғы орында. «Бұл мәселелерді шешу үшін жергілікті билік нақты шараларды қолға алуы керек»,- деді Павлодар облысына барған Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев. Медициналық қызмет сапасын жақсарту, халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын басқаша форматта құру және атаулы әлеуметтік көмек беруді жетілдіруе түсу Үкіметтің басты назарында. Азаматтардың жеке борыштық және тұтынушылық қарыздарын өтеуге республикалық бюджеттен 147 миллиард теңге қаражат бөлінді. Ал негізгі көмек көпбалалы отбасылар, асыраушысы жоқтар мен жалғызбасты аналарға көрсетіліп жатыр.
Бердібек Сапарбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:
Тек қана осы өткен он айдың ішінде Қазақстандықтарға әлеуметтік атаулы көмекті төлеу үшін 206 миллиард теңге қаржы бөлінді. Алғандардың саны – қазіргі таңда 2 миллион 200, оның ішінде 1 миллион 600 мыңы балалар. Егер былтырғы әрбір адамға берілген көмекті биылғымен салыстыратын болсақ, онда ол 2,5 есеге өсті. Ал жалпы, бөлінген қаражат 9 есеге өсті.
Болат АМАНБАЕВ