Қарағанды облысының денсаулық сақтау саласында мемлекеттік жеке меншік серіктестік аясында жалпы саны 23 жоба іске асырылған. Олардың барлығы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша табысты жұмыс істеуде. Айта кету керек, өңірде қыркүйек айынан бері жаңа жүйенің пилоттық жобасы жүзеге асырылуда. Ел бойынша бұл таңдау тегін жасалмаған. Себебі облыстағы емдеу мекемелері жаппай сандық технологияға көшкен.
Қарағанды облысында 2017 жылдан бері медицина саласында мемлекеттік жеке меншік серіктестікті дамыту бағытында 2,8 миллиард теңге игерілген. Соның арқасында облыс орталығында ғана емес, Жезқазған, Балқаш, Теміртау, Шахтинск қалаларында емдеу мекемелері өз жұмысын бастады. 1-ші қыркүйектен бері облыстағы барлық медициналық мекемелер, соның ішінде мемлекеттік жеке меншік серіктестік аясында ашылған емханалар да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен жұмыс істейді.
Дана Байкенова, Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:
Облыс бойынша мемелекеттік жекеменшік серіктестік аясында 2017-2018 жылы 23 жоба жүзеге асырылды. Қазір Қарағанды ғана емес, алыс-жақындағы қалаларымызда да заманауи жеке меншік клиникалар жұмыс істейді. Олар КТ, МРТ сынды қымбат медициналық аппараттармен қамтылған. Бұл емханалардың барлығы да міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін қолданысқа енгізген.
Жаңа жүйенің артықшылығы азаматтар өзі таңдаған емхана мен дәрігеріне бара алады. Демек, емдеу мекемелері науқастардың сеніміне кіру үшін барын салады, яғни бәсекелестік артады. Тегін қызмет түрлері көбейді. Мәселен Пришахтинск елді мекеніндегі мына балалар емханасы биыл мемлекеттік жеке меншік серіктестік аясында ашылған. Жылына 16 мың тұрғынға қызмет көрсетуге қауқарлы. Міндетті медициналық сақтандыру жүйесі аясында бәсекеге қабілетті болу үшін мұнда жоғары сапалы қызмет көрсетіледі. Мекеме аз уақытта аяғынан тік тұрып, халықтың сеніміне ие болған.
Марина Матвейчук, емхананың бас дәрігері:
Келешекте ауқымды жоспарларымызды жүзеге асырмақпыз. Клиника жанынан жаңа корпусты саламыз. Онда оңалту орталығы, күндізгі стационар, диагностикалық бөлім жұмыс істейтін болады. Заманауи аппараттар сатып алынады.
Айта кету керек, сақтандыру ережесінде көрсетілгендей жарна төлеуден мүгедек, зейнеткер, көпбалалы отбасы секілді 15 санатқа жататын азаматтар босатылады. Ал тұрақты жұмысы барлар табысының 1 пайызын қорға аударып отыруы тиіс. Сондай-ақ пилоттық жобаны жүзеге асыруға мемлекеттік жеке меншік емханалардың да қосып отырған үлесі зор. Биыл өңірде тағы осындай 940 миллион теңгенің 5 жобасы іске қосылып, жалпы саны 28 жобаны құрамақ. Ал келесі жылы 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі елімізде жаппай қолданысқа енгізіледі..
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ