Үйсіз-күйсіз жүрген 67 жастағы Қадыр атадан хат келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үйсіз-күйсіз жүрген 67 жастағы Қадыр атадан хат келді

08.11.2019

Редакциямызға хат көп келеді. Мазмұны жағынан әр түрлі. Бірақ осы жолғы хаттың жөні бөлек. Қолмен тасқа таңба басқандай әдемі жазылған хат бізді бей-жай қалдырмады. Оның авторы — үйсіз-күйсіз жүрген 67 жастағы азамат екенін білгенде оны тез арада табуға тырыстық. Таптық.

Кейіпкер эфирден атын атауға рұқсат берді. Бірақ түсін түстеп, түрін көрсетуге қарсы. Қысылғаны анық. Себебі 60-тан асқанда адасқан адамдай жалғыз қалды. Оның есімі Қадыр болса да, ешкімге қадірі қалмаған. Қазір көлік тұрағын паналап жүр. Тәні де, жаны да жылымайды.

«Өмір сүру емес, тек күнелту»,-дейді өзі. Нәпақасы болмаған соң көбіне түлкі құрсақ жүреді. Қатарластары сияқты зейнетақы алмайтыны да жанын жегідей жейді екен.

Алпысты алқымдаса да, заңды зейнетақысына қол жеткізе алмай келеді. «Себебін сұрап, бармаған жерім қалмады»,- дейді өзі. Мемлекеттен беретін 16 мың теңгесінен де қағылған. Қателігі — «онлайн несие» арқылы алған 25 мың теңгеге көмір алып, бойын жылытқаны. «Жығылғанға жұдырық» демекші артынша сырқаттанып қалып, операция да жасалған. Ауруханада жатқан аралықта қарызын өтемеген соң берешегі 600 мың теңгеге өсіп кеткен. Ақырында сот орындаушылары карталарын бұғаттап тастады. Мәселесін құзыретті мекемелерге жеткізген, бірақ мардымды жауап естімепті.

Қадыр Ата, қала тұрғыны:

7 ай ұстап отыр. Міне, жаңа ғана смс келді. Сізге 16 тыс тенге түсті деген. 1 минуттан соң 00 теңге деп тұр. 16 мыңның 5 мыңын қалдырмайды ұстағанда. Қалай шығарады сондай Заңды? Бір тілім нанға қалдыруға болады ғой.

Енді нанын жұрттан сұрауға мәжбүр. Күнде мешіт маңынан табылады. Қарасар қара жоқ қасында. Ата-анасынан да, отбасынан да ерте айырылған. Маңдай терімен тапқанына алған пәтерін алаяқтар алып қойыпты. Бірақ қиындықтан қанша қажыса да біреуге қиянат жасаудан қорқатынын айтады. «Ащы судан да адамын»,-деп ағынан жарылды. Тек әр күні әлсіз үмітпен өтіп жатыр. Үміті үзілгелі отырған жанның күдігін сейілтіп, көмек көрсетемін дейтін жандар болса, экрандағы нөмірге хабарласуларыңызға болады.

Осы жағдайдан соң біз Сарыарқа аудандық әкімдікке хабарласқан болатынбыз. Ондағы жауаптылар азаматтың жағдайынан бейхабармыз деп ақталды. Дегенмен көмек қолын созуға дайын екендерін айтты.

Әбдрахман Дәуренбаев, Сарыарқа аудандық әкімдігінің бөлім басшысы:

Бұл кісі біздің аудандық әкімшілігінде болған емес. Бірақ келсе, аудан әкімі, орынбасарлары қабылдауға дайын. Қандай мәселелері бар біз білмейміз ғой. Келсін, сұрақтарын қойсын, соған жауап беруге, көмектесуге дайынбыз.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу