Шығыс Қазақстанда Жанай деген ауыл бар. Мыңнан астам тұрғыны бар елді мекеннің жастары өз істерімен талайларға үлгі болып жүр. Соңғы екі-үш жылда жастар ауылда бұрын-соңды болмаған бірнеше нысанды қолданысқа беріп, көптің алғысына бөленген. Алда ауылды абаттандырып, жолын түзеп, гүлдене түсуіне әлі талай үлес қосамыз деп отыр.
Жанайлықтар ауылдың жастарына алғыстан басқа айтарымыз жоқ дейді. «Өстік, ер жеттік» деп ұмытып кетпей, өздерінің туған өлкесінің дамуына барын салып жатқанына риза. Өткен жылы ғана ауылдықтардың қолы жетпей жүрген фельдшерлік пункт ашып берген. Қолданыссыз жатқан ескі ғимаратқа талапқа сай күрделі жөндеу жүргізіп, жанайлықтардың игілігіне беріпті.
Айгүл Жикебаева, фельдшер:
Ауылдың азаматына үлкен алғысымызды білдіреміз. Жалғыз мен өзім емес, бүкіл халқымыз риза. Осы ауылдың халқы.
Туған ауылына жанашырлық танытып жүрген жастардың бірі - Ерлан Мұхамадиев. Грек-рим күресінен жаттықтырушы. Ол биыл балаларды спортқа баулу үшін, өз ауылына арнайы келген. Достарымен бірлесіп, жаттығуға қажет снарядтары бар алаңды жасап шыққан. Оған да қаржыны ауыл жастары жинапты. Сондай-ақ аудан әкімшілігі бөлген шағын қаржатты жанайлық жастар шашау шығармай тиімді пайдаланған. Үстіне қаржы қосып, үлкен спорт алаңын салып алған.
Ерлан Мұхамадиев, Жанай ауылының тұрғыны:
Өзіміз көбінесе қаладан көреміз осындай құрылғыларды. Осындай жасалып жатыр. Неге бізге де жасамасқа дедік.
Өткен жылы жастар ауыл ішінен саябақ та ашып берген. Бұл жер бала-шағаның бос уақытта демалатын, мерекелерде тұрғындардың бас қосатын сүйікті орнына айналған. Осындай игілікті істің барлығын ауылдан шыққан жастардың ешкімге алақан жаймай, өз күштерімен тындырып жатқанын ауыл ақсақалдары мақтан етеді.
Берікбол Жақыпов Жанай ауылының тұрғыны:
Берікбол Омаров деген баламыз бар. Қайрат Баяқбаев деген. Архат, Ерлан деген азаматтар бар. Рустам деген азаматтар артынан ертіп жастарды осындай жетістікке жетіп отырмыз.
Тек соңғы үш жылда жастар ауылға 6 нысан ашып берген. Келер жылы елді мекеннің ішкі жолын жөндеп, балаларға жазғы бассейін салып бермек. Сөйтіп өңірдегі ең үздік елді мекендер қатарынан көрінуге барын салмақ.
Ержан Жақып