Ирактан қазақстандық балалар қайтарылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ирактан қазақстандық балалар қайтарылады

04.11.2019

Иракта қалып қойған қазақстандық балалар осы айда елге қайтарылады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен брифингте мәлім болды. Ведомствоның ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, нақты қанша бала қайтарылатыны қазір анықталып жатыр. Дегенмен қазірдің өзінде олардың саны оннан астам екені белгілі екен. Кейбірі ата-анасынан айырылып қалған көрінеді. Сыртқы істер министрлігі дипломатиялық байланыстарын барынша қосып, сол балаларды елге қайтару туралы Ирак билігімен келісімге келе алды. Айта кетейік, бұған дейін «Жусан» операциясының арқасында соғыс ошақтарынан 600 адам Қазақстанға қайта оралды. Олардың 400-ден астамы — балалар.

Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:

Ирактан қазақтың сол жақта жүрген балаларын алып келеміз. Олардың шешелері сол жақта сотталып, түрмеде отыр. Сондықтан балалары қалмасын деп, мына жақтағы туған-туыстары өтініш білдіріп, сол балаларды алып келеміз.

Альбина ӘШІМ


Хабарламаларға жазылу