Полиция полиция болғалы сын садағынан сау кеткен жері жоқ. Бұқара да, билік те талай түйреді форма киген ұл-қыздарды. Негізсіз болса ақпараттың ақ үйіне оздырып қорғап алғың келеді. Өкініштісі халықтың тәртіп сақшыларына қарсы сын айтқаны, шын айтқаны болып шығады. Өйткені жұрттың жағасынан алған, жемқорлық жасап тұтылған, елге тізе батырып шындықтың шылбырынан қулықпен құтылғанда полиция болып шыға келеді. Бұл өкінішті. Көптің көңіліндегі сызды сызып тастаудың бір-ақ жолы бар. Тәртіп сақшылары тәртіпке келіп түзелуі керек. Ол үшін ішкі істер министрлігіне тұтастай реформа жасалады. Президент шегелеп айтты мұны, демек орындау міндет. Және реформа тек форма ауыстырумен шектелмеуі шарт. Ақпарат ағынында полицейлердің ағаттығы көп айтылады. Орынсыз емес. Бірақ сол сапта ел үшін, жер үшін жанын берген қаһармандар мен бұқараның амандығы үшін басын бәйгеге тіккен бейбіт күннің батырлары қоса кетеді. Осы тұста Президент қоғамның қауіпсіздігі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимеген ерлердің ерлігі ұмытылмайтынын ескертті.
Ел алдындағы парызын адал атқарғандарды Президент те, үкіметте қолдайды. Бастысы қарапайым ел ерге қамқорлық қылады. Бұл басты баға. Суға ағып кеткен қызды құтқарамын деп қаза тапқан Шалқар Ақымғалиев, көпірден секірген бойжеткенді ажалдан арашалап қалған Еркебұлан, өрт шарпыған үйдегі адамдар далаға шығып үлгере алмай жатқанда ғимарат жарылмасын деп қызыл жалынның арасында газды жауып жерлестерін құтқарған Әлихан Тұрғанов... Бейбіт күнде ағайын ажал құшпасын деп өз өмірін бәйгеге тіккен батырларды тізе берсек өте көп. Біз осы азаматтарға, оларды тәрбиелеп өсірген ата-аналарына алғыс айтамыз. Ағайынның алғысын емес, қалтасына түсіп қарғысын алған тәртіп сақшыларына аталған батырлар үлгі болсын деген және бір жібі түзу оймақтай ой бар.
Еркін СЪЕЗҰЛЫ