Полиция майоры Д. Айымбетов өртеніп жатқан пәтерде қалған әйелді құтқарған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Полиция майоры Д. Айымбетов өртеніп жатқан пәтерде қалған әйелді құтқарған

01.11.2019

«Адал азамат, қызметте ержүрек полицей». Полиция майоры Дархан Айымбетовты замандастары осылай құрметтейді. Алматы қаласы аудандық жергілікті полиция бөлімінің қызметкері өртеніп жатқан пәтерде қалып қойған әйелді ажалдан аман алып қалған.

Дархан Айымбетов «Қазақфильм» ықшамауданында өртеніп жатқан үйді көріп, бірден көмекке ұмтылған.

Дархан Айымбетов, Қалалық ІІД Алатау аудандық жергілікті полиция бөлімі басшысының орынбасары:

Кірсек іші түтін. Кіруге мүмкіндік жоқ. Қап қара түтін. Ештеңе көрінбейді. Отырып кіріп ішіне, соңғы бөлмеде үлкен кісі «құтқарыңыз» деп жатыр екен.

Пәтерде қалып қойған әйел адамға алғашқы көмек көрсетіп, аман алып шыққан. Соның салдарынан, өзі де жеңіл дәрежеде уланып, ауруханаға түскен. Ол осы ерлігі үшін қалалық Төтенше жағдайлар департаменті басшылығының қаулысымен арнайы медальмен марапатталды.

Дархан Айымбетов, Қалалық ІІД Алатау аудандық жергілікті полиция бөлімі басшысының орынбасары:

Еліміздің амандығы, тыныштығы. Қоғамдқ қауіпсіздікті сақтау, қорғау. Халыққа көмек көрсету бірінші мақсат. Солардың тыныштығын сақтау. Ант бергенбіз. Барлық нәрсеге дайынбыз мемлекетіміз үшін.

Дархан Айымбетов жақында аудандық полиция басқармасына учаскелік полиция бөлімі басшысының орынбасары болып қызметке тағайындалды. Оны әріптестері де ерекше құрметтейді.

Алмас Нұрқанат, Бостандық ауданы полиция басқармасы жергілікті полиция бөлімінің басшысы:

Өте өз өзіне талап қойып істейтін және полиция пунктінде жауапты полиция қызметін атқарғандықтан жұмысты ұйымдастыру қабілеті өте жоғары. Қасындағы учаскелік инспектор және көмекшілерінің жұмыстарына дұрыс талап қою арқылы көп жетістіктерге жетті.

Ел қауіпсіздігі жолында басын қауіп-қатерге тігетін Дархан сынды полицей көп. Өкінішке қарай, ерлік жасап, қаза тапқандар да аз емес. Статистикаға сүйенсек, осы уақытқа дейін 800-ге жуық азамат қызмет бабында жан тапсырса, 3500-ден астам полицей түрлі жарақат алған.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу