Пеш жағу маусымы басталғалы түркістандық төтенше жағдайлар қызметінде тыным жоқ. Былтыр бұл өңірде 17 оқиға тіркеліп, 23 адам иіс тиіп қайтыс болған. Осындай қайғылы оқиғалар қайталанбас үшін биыл өрт сөндірушілер тұрғындардың «отымен кіріп, күлімен шықты» десе болады. Нақтырақ айтсақ, 3000 үйдің электр желісін ретке келтіріп, 2600 үйдің пешін жөндеп, тіпті түтін шығаратын мұржасына дейін тазалап берді.
Төтенше жағдайлар департаменті 320 млн 720 мың теңгеге дабыл қаққыш сатып алды. Улы газға қарсы мұндай қондырғыны тұрмысы төмен 39 мың отбасына тегін орнатпақ. Бүгіннің өзінде 10 мың үйге қойылған. Өрт сөндірушілер қатарын 90-ға жуық ерікті толықтырды. Олар көшелер мен базарларды аралап, жұртқа жадынама таратты. Қауіпсіздік ережелерінен құлағдар етуде. Себебі Түркістан облысында өрт оқиғалары былтырмен салыстырғанда 30 пайызға өскен. Жыл басынан бері 445 оқиға тіркеліп, 3 адам қаза тапқан.
Нұрғали Жүнісов, облыстық ТЖД басшысы, азаматтық қорғау полковнигі:
Алаңдататын жағдайлар болып жатыр. Мысалы, газ желісіне жалғау барысында суға арналған құбырлар жалғап жатыр. Оны да тексеретін боламыз.