Аға лейтенант Ғ.Жұмабаев суға батып бара жатқан үш қызды ажалдан құтқарып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Аға лейтенант Ғ.Жұмабаев суға батып бара жатқан үш қызды ажалдан құтқарып қалды

31.10.2019

Павлодар облысы, Аққулы аудандық полиция бөлімінің аға лейтенанты Ғалымбек Жұмабаевты әріптестері «батыр» деп атап кетті. Себебі ол қас пен көздің арасында суға батып бара жатқан үш бірдей қыз баланы ажалдан құтқарып қалды. Биыл жаз ыстық болғандықтан Ертіс жағалауында жазатайым оқиғалар жиі болды. 40- тан аса адам суға кетті. Батыл полицейдің балаларды қалай құтқарғаны тілші бейнематериалында.

Ертіс өзені жағалауының осы аумағына Ғалымбек аптасына бірнеше мәрте келеді екен. «Жаздағы жазатайым жағдай тағы қайталанады ма деген күдік басып тұрады»,- дейді. Дәл сол жолы ол өзінің ғана емес, суға түсуге ертіп әкелген қос бүлдіршіннің де өмірін қатерге тіккен болатын.

Ғалымбек Жұмабаев, Аққулы аудандық полиция бөлімінің қызметкері:

Бастапқыда қорқынышты болды. Адам бойлай алмайтын тереңдікте үш қыз маған бірден жабысып, қысып жіберді. Қолдарымды әрең босатып бір-бірлеп жағаға шығардым. Үшіншісіне ұмтыла беріп, жағада қалған қос бүлдіршінім есіме түсіп кетті. Жасыратын не бар, соларға қарай жүгірдім. Екеуіде жылап отыр екен. Дереу артқа қайтып үшінші қыздың шашынан тартып шығарып алдым.

Сөйтіп бір әулеттің үш бірдей адамы аман қалды. «Содан бері қыздарым жағалауға жоламайтын болды», -дейді қыздардың анасы.

Маржан Кәменбай, құтқарылған қыздардың анасы:

Жүзе де білмейді негізі олар. Сосын Ғалымбек деген жігіт, полиция жігіті сол жерге дем алу үшін балаларымен барған ғой. Балаларымды суға кетіп қала жаздаған жерінен құтқарып қалған. Рахметімді айтамын. Әлі де осындай жақсылықпен халыққа көріне берсін.

Қызығы сол, аға лейтенант Жұмабаевтың жанқиярлық әрекеті арқасында мектеп жасындағы үш бірдей қыз баланың аман қалғанын әріптестері кейін естіген. Осы оқиғаға кездейсоқ куә болған ауыл тұрғыны хабарлапты.

Азамат Кәрімов, Аққулы аудандық полиция бөлімінің қызметкері:

Ғалымбек қарапайым адам. Осы үш қызды құтқарғанын біз білген жоқпыз. Ешкімге айтқан жоқ. Бір жұмадан кейін басшылыққа осы ауылдың бір ақсақалы хабарласып, «сол азамтты тауып беріндерші, батамды берейін» депті. Ғалымбек бізге өте өнегелі қызметкер. Өйткені ол ешкімге айтқан жоқ, мақтанған жоқ. Бәлкім басқа қызметкер оның орнында болғанда мақтанушы еді.

Ғалымбек Жұмабаевты жақында Облыстық төтенше жағдайлар қызметі құтқарушыларға берілетін арнайы төсбелгімен марапаттады. Ал аудандық полиция бөлімі алғыс хат тапсырды.

Жәнібек Жұмабаев, әкесі:

Ұлым осындай жағдайда қорықпай кірісіп, анандай көмек көрсеткеніне өте қуаныштымын. Өйткені мен өзім Ертіс жағасында тудым. Білемін бір кісіні алып шығу, көмектесу өте қиын. Ал үш кісіні құтқару өте қиын. Жақсылыққа қарай бәрі аман-есен қалды, соған өте қуаныштымын енді.

Ғалымбек бүгін қызметіне шұғыл шақырту алды. Оның бақылауындағы аумаққа браконъерлер келді деген ақпарат түсіпті. Тәртіп сақшысы бұл жолы да шапшаң қимылдап, қырағылық көрсетеді деген сенім мол.

Болат АМАНБАЕВ


Хабарламаларға жазылу