Қостанай облысының жолдары сапасыз жөнделген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысының жолдары сапасыз жөнделген

31.10.2019

Жолдар сапасыз жөнделген. Қостанай облысындағы орташа жөндеуден өткен бірнеше учаскеге зертханалық тексеріс жүргізген мамандар осылай дейді. «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесінің қызметкерлері Ұзынкөл, Сарыкөл аудандарында мердігерлер жұмысынан мін тауыпты. Жуырда Федоров - Первомай тас жолын да тексерді. Техникалық талап мұнда да бұзылған.

Аудан орталығы Федоров кентінен Первомай ауылына баратын 34 шақырым жол 30 жылдан бері жөнделмеген. 3 жылға есептелген орташа жөндеу жұмыстары былтыр басталды. Осы уақытқа дейін 17 шақырымы тегістеліпті. Алайда атқарылған жұмыс кемшіліксіз емес. Мұны мамандар асфальт кесіндісіне қарап-ақ байқады.

Дархан Сақанов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК директорының орынбасары:

Асфальт жабындысының орташа қалыңдығының орташа өлшемін алдық. Көріп тұрғанымыздай ол 3- 3,3 см ғана. Ал талап бойынша 4 см кем болмауы тиіс. Сондай-ақ асфальт үгіліп, іріп жатыр.

Жолдың екі жағы су ағып кететіндей еңіс болуы тиіс. Бұл талап та сақталмаған. Бұған дейінгі зертханалық тексеру асфальт қоспасының тығыздығы белгілі мөлшерден аз екенін көрсетіпті. Барлығы 14 түрлі кемшілік анықталған.

Дархан Сақанов, «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» РМК директорының орынбасары:

Болған қателер мердігер мен тапсырыс берушіге айтылған. Сол кезден бастап, кемшілікті жою үшін не істелді, не өзгергені жайлы бізге ешқандай құжат түскен жоқ.

Тапсырысты орындаушы тараптың пікірінше қазіргі жағдайда міндетті мінсіз атқару мүмкін емес. Себебі орташа жөндеуге қойылатын техникалық талаптардың өзі ақылға қонымсыз.

Григорий Семёнов, техникалық бақылаушы:

Біз талап бойынша 4 см ғана асфальт төсеуіміз керек. Мұндай қалыңдық тек спорт алаңдарына ғана жарамды. Ал мында қараңыз қаншама егіс алқабы бар, жиын-терін жүріп жатыр. Қаншама ауыр техникалар жүреді.

Сол төрт см-дің өзін толық салмаған мердігер олқылықты өз есебінен түзеуге міндеттеледі. Мақсат – мемлекет қаржысын тиімді жұмсау, жауапкершілікті күшейту. Жалпы облыста биыл 500 шақырым жолды орташа жөндеуге 16 миллиард теңге бөлінген.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу