Қазақстандықтар төлқұжаттың бағасы тым қымбат деп шағымдануда - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстандықтар төлқұжаттың бағасы тым қымбат деп шағымдануда

30.10.2019

Қазақстанда төлқұжаттың бағасы тым қымбат. Шетелге шыға қалсаңыз міндетті түрде қажет құжаттың құны былтырдан бері екі есеге өсіп кеткен. Тіпті ақша таппайтын, табысы жоқ балаларға да жеңілдік жасалмаған. Бағасы шарықтап тұр. Сол себепті тұрғындар тарапынан арыз-шағым көбейген. Төлқұжаттың қымбаттауының себебі не? Балаларға жеңілдік бола ма жоқ па?

Елордалық Бақытжамалдың 4 баласы бар. Отбасы көптен бері шетелге шығып, демалуды ойлап жүр. Бірақ 6 адамға төлқұжат жасату қалтаға ауыр. Құжаттың құны қазір бір адамға 20200 теңге. Демек 120 мың қажет. Демалуға кететін шығыннан бөлек, құжаттың өзіне едәуір ақшаңды санап беруге тура келеді. «Бұл сома отбасы бюджеті үшін үлкен салмақ»,- дейді ол.

Бақытжамал Құрманбаева, көпбалалы ана:

Неге соны ескермеген? Балалар ақша тауып жатқан жоқ. Оларда табыс жоқ. Оларға 50 процентпен жасаса да болатын еді. Мысалға, көп балалы отбасыларға жеңілдік болатын еді. Өзбекстанға барсақ та, паспорт керек. Бір баланы тастап, екі баланы алып кетпейсің. Сол сияқты бәріміз бірге шығу керек. Қаражатқа бәрі тіреледі.

Бұрын төлқұжат алу 9000 теңге болатын. Қазір бағасы екі есеге артты. 4-тен 8 АЕК дейін көбейген. «Құнды құжатты істету де құнды»,- дейді мамандар. Шикізат қымбат әрі қорғану тәсілдері артқан. Яғни қазіргі төлқұжаттың қағазы қауіпсіз. Ешкім жалған құжат жасай алмайды. Ал балаларға ешқандай жеңілдік жоқ. Ересек пен кіші де 20 мың теңге төлеуі тиіс. Мұның себебін көші-қон қызметінің мамандары кететін шығын теңдей деп түсіндірді.

Нұрбек Нұрахметов, ІІМ Көші-қон қызметінің аға инспекторы:

Дайындалатын шикізаттың көлемі шығынды бірдей сол себептен бір баға. Қорғаныс жүйесі мықты болуы керек.

Ал көрші мемлекеттерде төлқұжат жасатудың бағасы біршама арзан. Мысалы, Қырғызстанда құжат алу 1970 сом. Яғни біздің ақшамызға шаққанда 10 835 теңге. Өзбекстан азаматтары 243 276 сом төлейді. Демек 10 мың теңгенің айналасы. Балалар үшін бар болғаны 6600. Ресейде үлкендерге 17 500, балаларға 7 500 теңге.

Мәскеу қаласының тұрғыны Сонда онлайн тапсырыс арқылы санаулы күнде шетелге шығатын құжатты қолына алды. Әрі жеңілдікке де ие болыпты.

Сона Мкртичян, Мәскеу қаласының тұрғыны:

Мен құжатқа тапсырыс берген кезде акция болып жатыр деді. 3500 рубль төледім. Бірден істеп берді.

Асима Нұрбайқызы, тілші:

Өздеріңіз көргендей, бұл құжат бізде көрші елдермен салыстырғанда едәуір қымбат. Жеңілдік санаулы топтарға ғана қарастырылған. Ал балаларға құжат жасатудың құны әзірге өзгермейді деді жауаптылар. Сол себептен, қалтаңыздың қақса да шетелге шығуға арналған құжат бағасы осы күйі қала бермек. Ал жұртшылық қалай дегенмен баға саясатын қайта қарау қажет деп отыр.

Асима НҰРБАЙҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу