Полиция қызметкерлері 20 қабаттан секірмек болған ананы құтқарып қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Полиция қызметкерлері 20 қабаттан секірмек болған ананы құтқарып қалған

29.10.2019

Арамызда басын қатерге тігіп, талай адамды өлімнен арашалап қалған полицейлер қызмет етіп жүр. Солардың бірі — Алматы қалалық ішкі істер басқармасының қызметкері, аға лейтенант Саят Бекжанов. Ол әріптесі Нұрсұлтан Бектұрсынмен бірге 20-шы қабаттан секірмек болған ананы құтқарып қалған.

Полицейлер қаладағы тұрғын үйлердің бірінен хабарлама түсе салысымен оқиға орнына аттанған. Дереу жетіп, 20-шы қабаттың балконында аяғын салбыратып, секіруге дайындалып отырған ананы көреді. Бірден жоғары көтеріліп, суицид жасамақ болған әйелді өлімнен құтқарып қалады. Ал оның жанында 6 айлық сәбиі жатқан.

Саят Бекжанов, Алмалы аудандық полиция басқармасы жол-патрульдік полициясының қызметкері:

Халықпен жұмыс істейміз. Біздің құтқарған себебіміз, бұл — біздің парызымыз. Халық үшін жұмыс істейміз. Халықпен бірлесіп істейміз. Бізде көп болады ондай жағдайлар. Түнде көп болады бізде. Күндізге қарағанда түнгі ауысымда қиындау болады.

Саят Бекжанов осы салада 15 жылдан бері жұмыс істейді. Талай рет осындай оқиғаларға куә болып, көпке көмегі тиген. Ержүрек полицейді әріптестері де үлгі тұтады. Себебі қызметте жүріп көрген-түйгенін жас мамандарға да үйретіп жүр.

Нұрсұлтан Бектұрсын, Алмалы аудандық полиция басқармасы жол-патрульдік полициясының қызметкері:

Мен өзіме қарағанда серіктесім еңбек өтілі үлкен. Ол кісінің үлгісін алсаң, жаман болмайсың. Көп білмеген нәрселерді осы кісіден үйренемін. Егер тағы да осындай жағдай тап болсам, тіпті басыма қауіп-қатер төніп тұрса да, адам өмірін құтқаруға дайынмын. «Адам өмірін құтқару міндетіміз. Себебі, біз елге қызмет етеміз деп ант бердік», - дейді полицей.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу