Үш жастағы балаға қатыгездік танытқан тараздық тәрбиешіге сот үкім кесті. 54 жастағы Тараз тұрғыны қомақты айыппұл төлеп қана қоймай, екі жылға жұмыстан шеттетілді. Ал тәрбиешіден теперіш көрген 3 жастағы баланың денсаулығына еш қауіп жоқ. Дегенмен сараптама сол жағдайдан кейін оның денесіне аздаған зақым келгенін растапты. Бүлдіршіннің анасы баласын асырай алмағандықтан екі жыл бұрын осында өткізген екен.
Тахмина Сұлтанова, судья:
Ол кінәсін толық мойындап, тергеу ісіне көмек берді. Сот осыны назарға алды. Сөйтіп оған 80 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды. Оның егде жасқа келуі ескеріліп, қоғамдық жұмысқа тартылмады. Оның үстіне денсаулығы да дімкәс екен.
Еске салсақ, үш апта бұрын әлеуметтік желіде «Үміт» бөбектер үйі тәрбиешісінің кішкентай балаға дөрекілік көрсетіп жатқан көрінісі тараған. 30 жылдық өтілі бар маман жылаған баланы жұбату үшін оның аяғынан көтеріп, басын төмен салбыратып, бірнеше мәрте сілкіп алады. Бұл жағдай қоғамда үлкен дау тудырған еді.
Сәбит ӘЛДЕБАЙ