Президенттің 2 күндік жұмыс сапары басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президенттің 2 күндік жұмыс сапары басталды

29.10.2019

Алматының ауасы – саф, тәртібі – сақ, инфроқұрылымы нық болуы тиіс. Бүгін шаһарға жұмыс сапарымен барған ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үлкен кеңес өтті. Жиында Алматыны өмір сүруге қолайлы қала ретінде ілегірлетудің жолдары сөз болып, оның аясында жауаптыларға тың тапсырмалар жүктелді. Сосын Мемлекет басшысы мегаполистің дамуына ықпалы зор бірқатар нысанның тыныс-тіршілігімен танысты.

Армангүл Тоқтамұрат, тілші:

Алма қаласы Алматы – мың жылдық шаһар. Тәуелсіздіктің бесігі. Ел экономикасының күре тамыры. Қаржы орталығы, ғылым мен білімнің ордасы. Еліміздің өзге қалалары Нұр-Сұлтанға қарап бой түзесе, Алматыға қарап ой түзейді. Сондықтан оңтүстік астананың әлеуметтік-экономикалық жағдайы үнемі Президенттің назарында.

Алматы бұрынғысынан жайнап-жарқырай түседі, жаңаша дамиды. Бүгін «Алматы-2050» деп аталатын қаланы дамытудың су жаңа бағдарламасы Президентке таныстырылды. Құжат шаһардың ілгерілеуіне тың серпін бермек.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласын дамыту жөніндегі үлкен кеңесті бастамас бұрын, кішкентайынан тағдыр теперішіне тап болған жетім баларға үлкен қуаныш сыйлады. «Балалар үйінің» 12 тәрбиеленушісіне пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады.

Маржан Нарбекова, «Балалар Үйінің» тәрбиеленушісі:

Өте қуаныштымын. Үйде 4 баламыз. Бәріміз үйліміз. Мемлекет қамқорлығына рахмет.

Иә, жетімін жылатпаған жұртпыз. Сондықтан мемлекеттің қолдауы қарқынды. Бүгін 51, жыл басталғалы 39 бала баспаналы болған. Әлі 1618-сы үйлі болудан үмітті. Осыдан соң, Президенттің төрағалығымен алқалы жиын басталды.

Көпшілігіміз қалада тұрғымыз келеді. Мұнда жанға жайлы жағдай бар. Алматы – қарқынды дамып келеді. Соңғы 10 жылда қала көлемі 2 есеге өсіп, жаңадан екі аудан құрылды. Алайда, сол жаңа аудандағы ағайынның ахуалы әлі де жақсармай тұр. Инфрақұрылым жоқ, әлеуметтік нысандар жетіспейді, ауыз су тапшы деген Бақытжан Сағынтаев, шаһарды тізгіндеген 4 айда біраз жәйтқа қанық болғанын аңғартты.

Бақытжан Сағынтаев, қала әкімі:

Мегаполисті дамытуды тежеп тұрған бірқатар мәселелер бар. Осы ретте біз «шетсіз Алматы» принципі негізінде Алматының шеткі аудандарын орталықтан кем қылмай дамытуды қолға алмақпыз. Яғни енді қаланы көріктендіруге жұмсалатын қаржының басым бөлігі керісінше қала шекарасындағы аймаққа бағытталмақ. Бірқатар мәселені шұғыл шешуге қаржының жетіспеушілігі қолбайлау болып тұр.

Халықтың тұрмысын түзеу – күн тәртібінен түспейтін басты шаруа. Ол үшін жаңа жұмыс орынадры ашылып, жұрт жұмыспен қамтылуы тиіс. Осылай деген Президент, елдің елеулі мәселелеріне назар аударып, сол бойынша шұғыл шешімдер қабылдаудың қажеттігін айтты. Алдымен инновациялық экономиканы жандандыру қажет. Экономика әртараптанбай, әлеуметтің әлеуеті әлденбек емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Үкімет азық-түлік бағасының күрт өсуіне жол бермеуі тиіс. Әсіресе халық көп тұтынатын нан мен ет өнімдеріне. 22 қазандағы жағдай бойынша, Қазақстандағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсуі 8,8 пайызды құрады, ал Алматыда бұл көрсеткіш 10 пайызға жетті. Азық-түлік бағасының өсу фактісі экономикамыздың осалдығының айқын көрсеткіші екенін мойындау керек.

Қала – өмір сүруге жайлы, тұрмысқа қолайлы болуы керек. Ол үшін Сіз бен бізге не керек? Тұратын баспана, тұрақты жұмыс, сапалы медициналық қызмет, бала-шағамызды еш кедергісіз балабақша мен мектепке орналасуы. Әлбетте, инфрақұрылым: сапалы жол, таза ауыз суы тағысын тағылар.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл бағытта әлі де түйткілдер бар. Шұғыл шешу керек. Бір ғана мысал, Наурызбай ауданының небәрі 50 пайызы ғана ауыз сумен қамтамасыз етілген. Осыған қатысты қаладағы су мәселесін түбегейлі шешуді тапсырамын.

Алматыда көлік нөпірін азайтып, экологиялық ахуалды тұрақтандыру да – өзекті. Күн сайын қала көшелерінен 700 мыңға жуық автомобиль жүреді, ауаны ластайды. Осы ретте, «Метро сынды қоршаған ортаға зиянсыз қоғамдық көліктерді көбейтудің маңызы зор» деген Президент, Алматыда қозғалысы тоқтаған трамвайды сөз барысында түйреп өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Трамвай қатынасын алып тастау, меніңше, пікірталас тудырған шешім болды. Рельстерді жөндеп, трамвай паркін жаңалау керек еді. Сөйтіп, қаладағы трамвайды қалдыруға да болар еді. Көліктің осы түрі Еуропаның көптеген қаласында тәп-тәуір қызмет етіп жүр. Дәл осы жағдай қала басшылығының мамандармен, жұртшылық өкілдерімен кеңесуі қажеттігін дәлелдей түсті .

Иә, экология мәселесі Алматыда бірінші орында тұр. Сондықтан электро-автобустар жүргізу, жер үйлерді газдандыру, қаланы жасыл желекпен көмкеру де, ұдайы назарда. Айтпақшы, ҚТ көшеттерді Көктөбеде қалдырған әкімнің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановқа сөгіс жариялады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Ағаш – қаланың да, бүкіл халықтың да нығметі. Бүйтуге болмайды. Көптеген көшеттің Көктөбенің баурайында қалдырылғаны ешбір сын көтермейді. Қайырымды істің быт-шыты шықты. Сондықтан әкімнің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановқа сөгіс жариялаймын. Істі бастадың ба, бітіру керек. Қолыңнан келмейтін іске араласпа.

Мемлекет басшысы шаһар маңындағы демалыс және туризм орындарының санитарлық жағдайын да сынға алды. Жосалы көлі мен Медеу қоқыс алаңына айналған. Ел-жұрт мәдениеттен жұрдай, ал, қалада қалдық өңдейтін заманауи зауыт жоқ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

5- жастарды толғандырған мәселеге баса аудару керек. Алматы арман бітірген Алматы жастар қаласы. 700 мың жас бар. Жастар барлық жағдай жасалу керек.

Жастардың күрмеуі қиын жатақхана, жұмыссыздық мәселесі шешілуі тиіс. Бұдан бөлек, Президент қаланы туристік және қауіпсіз аймаққа айналдыруды шенеуніктерге шегелеп тапсырды. «Ең бастысы, әкім – халыққа жақын болуы керек»,-деді ҚасымЖомарт Тоқаев. Өткенді екшеп, болашақты бағдарлаған жиын 2 сағатқа созылды. Мемлекет басшысы нақты жұмыстар бойынша мақсатты айқындады, жауаптыларғы міндеттерді жүктеді. Түйіні – ел игілігі жолындағы жарқын жұмыстар жаңа серпінмен жалғаса бермек.

Армангүл ТОҚТАМҰРАТ


Хабарламаларға жазылу