Қызылордалық полиция қызметкері көпқабатты үйден шыққан өртті өшіріп, жарылыстың алдын алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордалық полиция қызметкері көпқабатты үйден шыққан өртті өшіріп, жарылыстың алдын алды

25.10.2019

Полиция — қоғамның қорғаны. Өмірін қауіп-қатерге тігетін тәртіп сақшылары қызмет бабында түрлі жағдайға тап болады. Мәселен, қызылордалық полицей Әлихан Тұрғанов биыл көпқабатты үйден шыққан жалынды өшіріп, газ жарылысының алдын алды. Антына адал аға сержанттың батыл әрекеті туралы тілшіміз айтып берсін.

Мына жазды күнгі оқиғаны тұрғындар ұялы телефонына түсіріп алған. Қырағы сақшы өрт шыққан үйдің екінші қабаттына балконнан өрмелеп мініп, жалынды дер кезінде өшірген. «Егер қайсар мінез Әлихан болмағанда, дәл газ құбырының тұсында тұтанған оттың зардабы орасан болар еді»,- дейді куәгерлер.

Шолпан Қалмаханова, қала тұрғыны:

Ол кісі баса -көктеп бірінші қабаттан екінші қабатқа қарғып мінді. Біз «мінбеңіз газ жарылады қазір» дедік. Жүректі кісі екен. Ризамыз. Қаншама тұрғынды аман алып қалды ғой, ана газ жарылса жарылып кетеді ғой барлығын.

Бүгінде патрульдік полиция жасағының қатарына қосылғанына небәрі 4 жыл болған Әлихан Тұрғанов өзінің бұл әрекетін ерлікке баламайды. Оқыс жағдайда кез келген полиция қызметкері батыл шешім қабылдауы тиіс деп есептейді.

Әлихан Тұрғанов, Патрульдік полиция қызметкері:

Тұрғындардың барлығын далаға шығарып, газ баллоны барлығын түсіндіріп, өртті дер кезінде өшірдік. Осы оқиғадан кейін, департамент басшылығы мен өрт сөндіру қызметкерлерінен алғыс хат алдым. Ең басты мақсат — халықтың алғысын алу ғой біздікі.

Көптің алғысына бөленіп, қоғамның тыныштығын торуылдаған Әлихан бүгінде антына адал, үлгілі қызметкерлердің бірі. Осындай ержүрек әрі қырағы сақшылары бар қазақ полициясына елдің сенімі арта түсетіні анық.

Ә.СЕРІКҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу