Қарағанды обылсының Жезқазған қаласында мемлекет қаржысына салынуы тиіс балабақша мен тұрғын үйлердің құрылысы бітпей, орта жолда қалды. Бұған мердігерлердің жауапсыздығы себеп болып отыр. Жергілікті билік оларды сотқа беріп, кінәлілер анықталған. Бірақ бірнеше жыл өтті, құрылыс әлі со күйі тоқтап тұр.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
Бұл аумақта 2014 жылы мемлекеттік бағдарлама аясында үйдің құрылысы басталған болатын. Алайда мердігерлік компанияның жауапсыздығынан жұмыс аяқсыз қалған. Содан бері, міне, бес жыл өтті мәселе әлі шешімін тапқан жоқ.
Бұл үш үйдің құрылысына «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы аясында 390 миллион теңгеге жуық қаражат қарастырылған. Алғашқы кезең бойынша осы қаржының 228 миллион теңгесі бөлінген. Алайда бірінші үй салынып бітпей жатып құрылыс тоқтап қалды. Жергілікті билік компанияны осы уақытқа дейін 6 рет сотқа берді. Ақыры мердігерлік компания жауапсыз деп танылған. Бірақ сот орындаушылары олардан ештеңе өндіре алмапты.
Асылхан Әлімсейіт, Жезқазған қаласы құрылыс бөлімінің бас маманы:
Сот орындаушылардың толықтай жұмысты атқара алмауына себеп ол- жаңағы мердігерлік ұйымның атында ешқандай мүліктің және қаражаттың жоқтығы. Қазір аталған ұйымның басшысына, мердігерге қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жалғасып жатыр.
Ал бұл 320 орындық балабақшаның қаңырап бос тұрғанына екі жылға жуықтады. Әлдекімдер терезесін сындырып кеткен. Осылай жалғаса берсе, онсыз да қаражаты игерілмей, қараусыз қалған құрылыстан түк қалмайтын сыңайлы. Балабақшаны салуға 816 миллион теңге қарастырылған. Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы қаражаттың біраз бөлігі дер кезінде иегірлмеген соң компанияны сотқа берген. Ол қаражатқа мердігер электр қондырғыларын сатып алып және қалған құрылыс жұмыстарын 2017 жылдың соңына дейін бітіруі тиіс еді.
Юрий Акаемов, Жезқазған қаласы әкімдігі заң бөлімінің маманы:
Қарағандыдағы мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты мердігерлік компаниямен арадағы келісім шартты бұзу жөнінде шешім шығарған болатын. Құрылыс барысында игерілмеген қаражат 53 миллион 53 мың теңге екені айқындалды. Балабақша құрылысын ары қарай жалғастыру үшін аталған нысан қаланың қарауына өтуі тиіс. Қазір бұл бағытта жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қазір Жезқазған қаласында тұрғын үй кезегінде баспанасын күткен 2 мыңнан астам адам бар. Ал балабақша кезегінде 4 мың бала тұр. Әлеуметтік нысандардың құрылысы әбден тұралап тұрғанда қарапайым жұрттың мәслесесінің жуық арада шешімін табуы екіталай.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ