Метро құрылысын жүргізіп жатқан жұмысшылар ереуілге шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Метро құрылысын жүргізіп жатқан жұмысшылар ереуілге шықты

25.10.2019

Алматыда метро бекеттерінің құрылысы тоқтауы мүмкін. Жаңадан салынып жатқан «Сарыарқа» бекетінде ереуілге шыққан метро құрылысшылары осыны айтты. Олардың сөзінше, «Алматыметроқұрылыс» компаниясы акционерлерінің арасында дау туған. Дінмұхамед Ыдырысовтың арызы бойынша директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Реимовке айып тағылып, үстінен қылмыстық із қозғалған.

Жұмысшылардың айтуынша, биыл көктемде «Алматыметроқұрылыс» директорлар кеңесінің төрағасына алаяқтық фактісі бойынша айып тағылған. Алдымен, бұл іспен Ұлттық қауіпсіздік комитеті, одан кейін Экономикалық тергеу департаменті айналысқан. Осы уақытқа дейін оның ешқандай қылмыстық әрекеті дәлелденбеген. Ал қазір тергеу жұмыстарын Қалалық ішкі істер департаменті жүргізіп жатыр.

Салтанат Әзірбек, Қалалық ІІД ресми өкілі:

Қылмыстық кодекстің 190-шы бабы бойынша қылмыстық іс тергеу үстінде. Қазіргі таңда тергеу амалдары, тиісті сараптамалар тағайындалып, қылмысқа қатысты барлық деректерді жинау үстінде. Дегенмен олар компаниялардың жеке шоттарына, мүліктеріне ешқандай бір тосқауыл немесе шектеулер қойған жоқ, заң бойынша.

Батыр Адайбаев, «Алматыметроқұрылыс» компаниясының басқарушы директоры:

Біздің ойымызша, бұл қылмыстық іске жатпайды. Сондықтан оны азаматтық-құқықтық сотта қарау керек. Біз Қайрат Реимовты қолдаймыз. Егер басшылық ауысса, біз ештеңе істей алмай қаламыз. Көптеген мәселе сол кісінің арқасында шешімін тауып отыр.

Ал Қайрат Реимовты қолдауға келген құрылысшылар жұмыстан айырылып қаламыз ба деп алаңдап отыр. Себебі әрқайсысының отбасы, бала-шағасы бар. Десек те, «Қызметтен қуылсақ та, екі қолға бір күрек табылады. Бірақ барлығымыз жұмыстан бір мезетте шығып кетсек, метро құрылысы тоқтайды», - дейді жиналғандар.

Сергей Кудияров, жұмысшы:

Егер бұл адамдар жұмыссыз қалатын болса, басқа қызметке орналасар. Алайда осындай үлкен команданы қайтадан жинап, құрылысты жалғастыру өте қиын болады. Себебі бұл ұзақ уақыт қалыптасқан механизм. Ал басқа ұжымды жинамас бұрын оларды қайта даярлау керек.

Мамандардың айтуынша, қазір метро бекеттері жоспарға сай салынып жатыр. Арасы 3 шақырымнан асатын екі жаңа бекеттің құрылысына 67 миллиард теңге бөлінген.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:

Қазір «Сарыарқа» және «Достық» станцияларының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жоспар бойынша келер жылы пайдалануға беріледі. «Ал егер жағдай ушығып, метрополитен басшысы қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болса, құрылыс тоқтап, 800 адам жұмыссыз қалады»,- дейді наразылық білдірушілер.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу