Соңғы 22 күнде Атырау перинаталдық орталығында 6 нәресте шетінеп кеткен
Атыраудағы облыстық перзентханада соңғы 22 күнде 800-ге жуық сәби дүниеге келген. Алайда нәрестелердің алтауы шетінеп кеткен. Дәрігерлер: «Бұған түрлі жағдай себеп»,- дейді. Естеріңізге сала кетейік, осы айдың басында перзентхананың дәрігері жаңа туған сәбиді тоңазытқышқа салып өлтірген болатын. Елдің жағасын ұстатқан осы оқиғадан кейін аурухананы арнайы комиссия тексеріп, біраз былықтың бетін ашты. Медициналық олқылықтардың орны толды ма? Орталықтағы ахуал қандай Жандос Темірғали анықтап көрді.
Орталықтағы жантүршігерлік оқиғадан кейін аналардың алаңдап қалғаны рас. Төртінші перзентін өмірге әкелерде Айзада Ерғалиева да үрей құшағында болыпты. Толғақ қысқанда қан қысымы 190-ға дейін көтерілген. Дәрігерлер табан астында дұрыс шешім қабылдап, ана мен баланың өмірін сақтап қалды.
Айзада Ерғалиева, тұрғын:
«Алмагүлге апарыңдар, қорқамын мына роддомға келмеймін»,- дедім. Бірақ алып келді осында. Сөйтіп қорқып едім, бірақ осында жақсы босандырды. Бәрі жақсы қарап жатыр.
Перзентханада жыл басынан бері 7083 сәби дүниеге келді. 9 айдың ішінде 147 шақалақ шетінеп кеткен. Былтырғы есеп бойынша, 277 сәби көз жұмған. Арнайы комиссия, өлім көрсеткішінің көбеюін, инфекциямен байланыстырады.
Жандос Темірғали, тілші:
Перзентханада тексеріс жүргізген арнайы комиссия гинекология бөлімшесінде негізгі талаптардың сақталмағанынан анықтады. Атап айтсам, шақалақтар жататын бөлмеде, желдету жүйесі болмаған. Салдарынан аурухана ішінде бактериалды инфекция пайда болған.
Қазір бұл бөлім уақытша жабылды. Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.
Гүлнафис Танбаева, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Инфекция аурухана ішілік, сырттан инфекциялар ол бұрыннан бар. Бүгінгі күнгі жағдай бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Осы мақсатта, себепші болды деген желдету вентиляциясы жоспарға сәйкес қосылды. Сол бөлімшеде болған геникология бөлімшесі, балалардың патологиялық бөлімшесі 50 керуетке арналған. Солар қараша айының 2-4-інде өз жұмысын қайта жалғастырады.
Психологиялық әрі моральдық қысымның кесірінен, жұмыстан шықпаққа бекінген 28 дәрігер әлі райынан қайтпай отыр. Арыздары қаралып жатыр. Егер олар бір күнде қызметтен кеткен жағдайда көрші облыстардан көмек сұрауға тура келеді.
Гүлнафис Танбаева, Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
Дәрігердің жетіспеушілігін жою мақсатында, Батыс Қазақстан іргелес жоғарғы медециналық оқу орны бүгінгі күнге дейін олар меморандум арқылы өздері маман шығарады ғой, сондықтан екі облыстың арасында да меморандум бар. Сондықтан шешімін тапқанша, олардан да медициналық көмек көрсетіледі.
Ана мен бала өміріне салғырт қарап, нәрестені тірідей тоңазытқышқа салып өлтірген ақхалаттылар жазадан құтылмайды. Оларға қатысты тергеу әлі де жалғасуда. Осы оқиғадан кейін облыстың бас дәрігері қызметінен кетіп, бірқатар лауазым иелері сөгіс алды.
Жандос ТЕМІРҒАЛИ
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы