Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында үйі өртеніп, күйеуі мен баласынан айырылған анаға баспана беріледі.
Естеріңізге сала кетейік, қазанның 5-і күні Бәйтерек елді мекенінде болған қайғылы оқиғадан кейін баспананың күлі де қалмаған. Отбасын тілсіз жаудан құтқарамын деп ажал құшқан үй иесінің денесі 90 пайыз күйген. Соған қарамастан терезеге орнатылған темір торды бұзып, үш баласын, әйелін және қарындасын аман алып шыққан. Дегенмен, үлкен баласының денесін 70 пайыз күйік шалып, екеуі де ауруханада жан тапсырған. Қалғандары дін аман.
Енді екі баласымен қалған ана қазір туысқандарының үйінде тұрып жатыр. Ал жергілікті әкімдік өкілдері қайғыдан қан жұтқан отбасыға қолдау көрсетіп, қол ұшын созуға кірісті. Оларға отын-су, балаларға керекті заттарын әкеп берді. Арнайы есепшот ашылып, халықтан қаржы жиналып жатыр. Сонымен қатар, аман қалған екі бала балабақшада мемлекет есебінен тегін тәрбиеленеді.
Айбек Бидаев, Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары:
Аудан тарапынан инфраструктурасы жасалған, көрші ауылдан 10 соток жер бөлінеді деп шешілді. Сол 10 соток жер бөлінетін болса, аудан әкімінің тапсырмасына байланысты сол үйдің салынуына көмек көрсетеміз, ел-жұрт болып.
Мадина Оразова, Алматы облысының тұрғыны:
Балаларға керекті заттарды сұрадым. 15-20 минуттың ішінде сол заттарды әкеліп берді. Мен өте ризамын.
Нұрхан Нұрланұлы