АҚШ-тың әскери сарапшылары Арыс қаласын қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, бағасын берді. Жарылғыш заттарды залалсыздандырумен айналысатын белгілі «Golden West» ұйымының мамандары, әсіресе, қаланы снарядтардан тазартқан саперлердің еңбегі ерекше екенін айтады.
Марк Тобайос, «Golden west» ұйымының сарапшысы:
Жарылғыш заттарды сақтау қауіпті екенін ескеруіміз керек. Яғни, әлемде Арыс қаласындағы сияқты төтенше жағдайлар болып тұрады. Бірақ Қазақстан қарулы күштері дер кезінде жоғары деңгейде әрекет етіп, қауіптің бетін қайтара білді.
«Дегенмен қазір Арыстың қауіпсіз екеніне толық көз жеткізу өте маңызды», - дейді сарапшылар. Сондықтан қаланы жарылғыш заттардан тазартып жатқан әскерилерді асықтырмау керектігін айтады.
Айта кетейік, осы уақытқа дейін Арыстан 11 мыңнан астам снаряд пен жарылғыш заттардың түрлі бөлшектері табылған. Олар қала аумағынан 60 шақырым жердегі арнайы полигонда жойылып жатыр. Оқ-дәрілер сақталған қойма да толық қиратылады. Ал қаланың өзі қару-жарақтан тазарталып, жарылыстан бұзылған 7 мыңнан астам нысан қалпына келтірілді.
Досжан Маратұлы