Қызғалдақты елді мекенінің тұрғындары шағымдарын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызғалдақты елді мекенінің тұрғындары шағымдарын айтты

22.10.2019

Жолы жоқ, мұңы көп ауыл. Ақтөбенің іргесіндегі Қызғалдақты елді мекенінің тұрғындары үшін қалаға қатынау қиын болып тұр. Себебі 200 метр жердегі автожолдың жиегіне бірнеше шақырымға дейін темір қоршау қойылған. Арғы бетке өтуге арналған жүргіншілер жолағы мен автобус аялдамасы жоқ. Салдарынан, тек соңғы бес жыл ішінде 8 адамды көлік қағып, ажал құшқан.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Ауыл тұрғындары күн сайын қалаға бару үшін мына қоршауды аттап өтуге мәжбүр. Әсіресе үлкен кісілер мен кішкентай балаларға қиын. Олар бергі бетке еңбектеп шығады екен. Одан кейін ең қиыны басталады, тұрғындар көлік жүйткіп жатқан жолдың арғы бетіне осылайша жүгіріп өтеді.

Мырзагүл Елтезерова соңғы бірнеше жыл ішінде үш бірдей жақынынан айрылған. Бәрі де осы жолдан өтпек болғанда көлік қағып, ажал құшқан. Шара қолданбаса қайғылы жағдайдың көбейе беретінін айтады.

Мырзагүл Елтезерова, Қызғалдақты ауылының тұрғыны:

Келінім қайтыс болды, жездем қайтыс болды, күйеу балам қайтыс болды. Өте қиын бізге. Аялдама керек. Балаларымызды мектепке апара алмай отырмыз.

50 үйі бар ауыл тұрғындары жолдың арғы бетіне күн сайын жандарын шүберекке түйіп өтеді. Арнайы белгі болмағандықтан қоғамдық көлік те көбіне тоқтамай кетеді екен. Сондықтан тұрғындар автобус аялдамасы мен жаяу жүргіншілер жолағын салып беруді талап етіп отыр.

Асқар Тойбазаров, Қызғалдақты ауылының тұрғыны:

Осы асфальт салынбай тұрып, осы жерде аялдама болды. Осы жол салынғанда темірмен қоршалып, алып тастады. Осындай жағдайымыз, өте мүшкіл. Біз мына жерде керексіз болып қалдық.

Жолдың аса қауіпті екеніне біз де куә болдық. Көзімізше тұрғындардың бірінің итін зулаған көлік қағып кетті. Одан бөлек жол бойында мал мен иттің бірнеше өлексесі жатыр. Тұрғындар үйлеріне жету үшін шойын жолды да кесіп өтеді. Арнайы өткел болмағандықтан, ол да жығылғанға жұдырық болып отыр.

Мағрупа Хайруллина, Қызғалдақты ауылының тұрғыны:

Шойын жолдың бойына «шебенка» мен тақтай төқсейді ғой, сол керек біздерге. Өте қиын. 13 жыл болды тұрғаныма, жасым 80-де. Балаларымды сабаққа апарам.

Тұрғындар мәселелерін айтып жергілікті билікке бірнеше мәрте арызданған. Бұған дейін республикалық көлік дәлізінің құрамында болған жол жуырда ғана қала қарауына өтіпті. .

Алмаз Жақсылықов, Астана ауданы әкімінің орынбасары:

«Ақтөбе-Мәртө» автомобиль жолы, 39-ыншы бекет маңына аялдама орнату және жаяу жүргіншілер жолағын орнатуға байланысты ТҮКШ бөліміне ұсыныстар жолданды. Қазір қаржы мәселесіне байланысты әрі қарай жұмыстар атқарылатын болады.

Жобаға қанша қаржы жұмсалатынын және нақты қай кезде жүзеге асатынын ешкім дөп басып айтпады. Демек қарапайым жұрттың қауіп-қатерге алаңдап, әлі қашанға дейін жүретіні белгісіз.

Жақсыбек КЕМАЛ


Хабарламаларға жазылу