Жезқазған қаласында жетім балалар баспанаға жылдар бойы қол жеткізе алмай келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жезқазған қаласында жетім балалар баспанаға жылдар бойы қол жеткізе алмай келеді

22.10.2019

Қарағанды облысының Жезқазған қаласында жетім балалар баспанаға жылдар бойы қол жеткізе алмай келеді. Олардың алды үй кезегінде 12 жылдан бері тұр. «Осы аралықта шаһарда біраз үй салынғанымен, ешбіріне ілікпедік», - дейді мұқтаж жандар. Қазір олар әр жерді паналап, жан бағып жүр.

Алена мен Александрдың алты баласы бар. Олардың үлкені 5-ші сыныпта оқыса, кенежесі бес айлық. Ерлі-зайыптылардың үй кезегінде тұрғандарына 11 жыл болыпты. Осы күнге дейін әр жерде пәтер жалдап келген. Ал маусым айында жергілікті әкімдік уақытша тұруға коммуналдық үйден бір бөлме береді.

Алена Нарижная, Жезқазған қаласының тұрғыны:

Бізге әкімдік мына бөлмені беріп, 1-2 ай тұруға ұсыныс жасады. «Кейін пәтер береміз», - деді. Алайда 6 ай өтті, әлі хабар жоқ. Бөлменің сиқын көріп тұрсыздар, адам шошиды. Біз есікті, ваннаны өзіміз орнаттық. Мұнда тіпті, жылыту батареясы да жоқ. Ертең қыс түссе не істерімізді білмейміз.

Қазір Жезқазған қаласында балалар үйінің 15-ке жуық түлегі баспанаға қол жеткізе алмай жүр. Барлығының да пәтер кезегінде тұрғанына 10 жылдан асқан. Өздеріне береміз деп уәде еткен баспананы сұрап, талай табалдырықты тоздырыпты.

Қарлығаш Сапарбаева, Жезқазған қаласының тұрғыны:

Бізге тым болмаса, қызметтік пәтер берсе екен. Қазір өзім жүктімін. Ертең босанған соң, баламды қайда апаратынымды да білмеймін. Басымызда баспана болса, ел қатарлы коммуналдық шығындарды уақытылы төлеп тұратын едік қой.

«Бірақ қалада тұрғын үй құрылысы тым баяу жүріп жатқандықтан, барлығын бірдей баспанамен қамту мүмкін болмай отыр», - дейді жергілікті билік өкілдері. Жалпы қала бойынша пәтер кезегінде 546 жетім бала тұр екен.

Қуанышбек Сансызбаев, Жезқазған қаласы ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Тегін үй тиесілі. Жаңа бағдарлама бойынша арендалық үй барлық жерде салынып жатыр. Ал бұл балаларға үй берілмеуінің себебі Жезқазған қаласында жаңа үйлердің салынбауынан. Былтырдан бастап үйлер енді салына бастады, енді берудің жолы көбейеді.

«Жыл басында жаңа салынған үйден 7 балаға баспана беріліпті. Бірақ олардың барлығы да пәтер кезегіне бізден кейін тұрғандар», - дейді Қарылғаш Сапарбаева. Жылдар бойы кезек күткен жетім балалар көп ұзамай өздерінің жылы ұясының болатынына үмітпен қарай

Руслан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу