Егер бензин бағасы қымбаттайтын болса, онда қозғалтқыш көлемі 3-ке дейінгі автомобильдерге көлік салығын алып тастау қажет. Яғни, жанармайды аз шығындайтын шағын көліктерді салықтан босату ұсынылуда. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысынан кейін журналистерге сұхбат берген Энергетика министрі Қанат Бозымбаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, биыл елімізде бензин бағасы қымбаттамайды. «Бірақ қымбаттатқан жағдайда, халық үшін әлгіндей жеңілдік жасау маңызды», - деді. Дегенмен жанармай нарығындағы бағаны Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен теңестіруге мәжбүрміз деген сыңай танытты. Мысалы, алдағы 4-5 жылдың көлемінде Ресей Қырғызстан, Беларусь, Армениямен бір нарықта боламыз, араларымызда ешқандай шектеу болмайды деп мәлімдеді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта Ресей мен Қазақстан арасындағы бензин бағасының айырмашылығы - 100, дизель отыны 60 теңге. Соңғы кездері Ресей азаматтары Қазақстан аумағына келіп тонналап жанар-жағармай құйып әкету әрекеті байқалуда. Енді оған жол берілмейді. Жаңа тәртіп бойынша ел аумағынан бөшкелеп бензин шығаруға тыйым салынады. Сонымен қатар, ауыр жүк көліктері тек зауытта орнатылған бакқа ғана құйа алады. Жеңіл көліктерге де тәртіп сондай тіпті канистрларға құйып алуға шектеу қойылады.
Ербол Мәндібек