Атырауда Мұрат Мөңкеұлы мен Табылды Досымовқа ескерткіш орнатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атырауда Мұрат Мөңкеұлы мен Табылды Досымовқа ескерткіш орнатылды

21.10.2019

Атырауда зар заман ақыны Мұрат Мөңкеұлы мен қазақтан шыққан тұңғыш бард ақын Табылды Досымовқа ескерткіш орнатылды. Мұрат жыраудың еңселі ескерткіші тұғырымен есептегенде 7 метр. Біртуар тұлға елінің тәуелсіздігін аңсап бодандыққа қарсы тұрған. Махамбет, Шалкиіз, Қазтуған шығармаларын жеткізушілердің бірі болған. Ал, бірегей дарын иесі Табылды Досымовқа арналған туындының биіктігі 3 метрге жуықтайды. Гитараны жыраулық дәстүрмен ұштастырған толағай дарынның өнері әлемге мәлім. Оның орындауындағы «Биіктік», «Ұнатамын мен сені», «Сәйгүлік» атты әндері талғампаз көрерменді тәнті етуде. 

Абыл Табылдыұлы, Т.Досымовтың ұлы, өнерін жалғастырушы:

Әкем 9 жылдан кейін өзінің туған жеріне, туған ауылына, Дендерге қайтып оралды. Осындай елі барда әкемнің ешқашан өнері жоғалмайтынына қуаныштымын.

Мереке Құлкенов, жазушы:

Махамбет жатқан жер. Мұрат жатқан жер. Сол қасиетті жерге келіп мына ескерткіштің тұра қалғаны, қазіргі біздің қазақ деген халықтың еңсесін тағы бір рет көтеріп жіберді ғой деп ойлаймын.

Жандос ТЕМІРҒАЛИ


Хабарламаларға жазылу