ЕҰУ-дің профессоры Сақ Қайрат екі бірдей туындысын шығарды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ЕҰУ-дің профессоры Сақ Қайрат екі бірдей туындысын шығарды

21.10.2019

Елордада алаштанушы-ғалым, Еуразия ұлттық университетінің профессоры Сақ Қайрат Өмірбайұлы оқырман назарына екі бірдей туындысын ұсынды. «Алаш көсемсөзі: шаруашылық мәселесі» және «Елу деген бір белес» деп аталатын қос кітаптың таныстырылымына белгілі ғалымдар, қайраткерлер, профессорлар қатысты. «Алаш көсемсөзі» еңбегінің осыған дейін бірнеше томы жарық көріп, ғылыми айналымға енгізілген болатын. Таныстырылым барысында еңбектің теориялық және тәжірибелік құндылығы зерделенеді. Ал «Елу деген бір белес» жинағына Қайрат Өмірбайұлының қазақ руханияты мен ұлт журналистикасына сіңірген сүбелі еңбектері мен шығармашылық жетістіктері топтастырылған. Сондай-ақ, ұлағатты ұстаз туралы зиялы қауым өкілдері, әріптестері мен шәкірттерінің ақжарма тілектері енгізілген. 

Қайрат Сақ, алаштанушы-ғалым, Еуразия ұлттық университетінің профессоры:

Алаш қайраткерлері ақталғаннан бері осы істі қолға алдық. Міне, соның нәтижесінде алаштың асыл сөздері бүгінгі ұрпақтың, халықтың санасына егіліп жатыр. Екі кітап қазақ халқына, көзі қарақты көрерменге қызмет етсе, біздің миссиямыздың орындалғаны. Алаш көземсөзі томдықтары мемлекеттік маңызды әлеуметтік әдебиеттер жобасы бойынша жүзеге асып жатыр. Әр томы 2 мың данамен шыққан. 

Фариза МҰСАҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу