Еңбек түбі – береке - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Еңбек түбі – береке

18.10.2019

Еңбек түбі – береке. Бұл Елордада тұратын көпбалалы ана Жадыра Жұмакүлбайдың өмірлік ұстанымы. «Жолдасым екеуіміз барлық күш жігеріміз бен білімімізді төрт бүлдіршіннің бүгіні мен болашағына салып келеміз»,- дейді ол. Иә, тарығып отырған жоқ. Төрт бала да тетелестерімен тең өсіп келеді.

«Әр бала туған сайын жауапкершілігіміз де артып келеді»,- дейді кейіпкеріміз. Сондықтан қол қусырып отырмай, екі жақтап жұмыс істеп жатқандарын айтады. Ал мемлекет тарапынан берілетін көмектен тіпті үміттенбеген де.

Жадыра Жұмакүлбай, көп балалы ана:

Біздің де ұятымыз бар. Бізден қарағанда оған зәруірек, ондай табысқа мемлекет тарапынан көмекке аса зәру отбасылар бар. Оданда соларға көмектескен дұрысырақ шығар. Тіпті біз көпбалалымыз деп отырмай, біздің қолымыздан келсе, басқа көпбалалы отбасыға біз неге көмектеспеске...

Қазір отбасы қазынасына құйылатын қаржының басым бөлігі осы балалардың болашағы үшін жұмсалып жатқан көрінеді.

Жадыра Жұмакүлбай, көп балалы ана:

Негізгі инвестицияны біз балалардың біліміне, оқуына, олардың жеке дамуына жұмсаймыз. Соған баса назар аударамыз. Алғашқы үшеуін әртүрлі үйірмелерге береміз. 3-4 үйірмеден қатысады әрқайсысы.

«Оның үстіне тынымсыз еңбектеніп, тірнектеп тиын тауып жатқанымыз балаларымызға үлгі. Болашақта біреуге масыл болмай, бір үзім нанды еңбегімен табуды үйренеді»,- дейді Жадыра.

Оңғар АЛПЫСБАЙҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу