Полицейлер бақтағы сирек кездесетін алма ағаш түрлерінің оталуына қатысты істі тергеп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Полицейлер бақтағы сирек кездесетін алма ағаш түрлерінің оталуына қатысты істі тергеп жатыр

17.10.2019

Алматы полицейлері алма ағаштарын отағандарға қатысты істі тергеуді бастады. Бұған дейін қала тұрғыны Дина Байғабылова ата-анасы баптаған алма ағаштарын белгісіз біреулердің кесіп кеткендігін айтып, құқық қорғау органдарына шағымданған. Ал бақта алманың «Апорт», «Кандиль» сынды сирек түрлері өскен.

Жәбірленушілердің сөзінше, ұрылар қоршауды бұзып, ағаштарды тамырымен жұлып әкеткен. Ал оның жалпы аумағы 3 жарым гектар болса, 80-90 шаршы метрі бүлінген. Шамамен әрқайсысы 100 килограмнан өнім беретін 100-ден астам ағаш жоғалған. 50 жылдық ағаштардың ұзындығы 12 метрге дейін жеткен.

Дина Байғабылова, зардап шегуші:

Біз бұл баққа екі жарым ай келген жоқпыз. Себебі әкем ауырып, анам жанында болды. Ал мен үнемі жұмыстамын. Сондықтан мұнда келуге уақытым болмады. Ал мына жағдайды көргенде анам есінен танды. Мен де енді мұнда келгім келмейді. Бұл бақ қалпына келмейтіндігін ойласам жүрегім ауырады. Қанша жылғы еңбегіміз зая кетті.

Қазір осы істі тергеу барысын Ішкі істер министрлігі бақылауға алды. Арнайы жедел тергеу тобы құрылып, кінәлі азаматтарды анықтауға кірісті.

Салтанат Әзірбек, Қалалық ІІД ресми өкілі:

Қылмыстық кодекстің 188-ші бабының 1-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалып, бірнеше күннен кейін бұл істі өз өндірісіне Полиция департаментінің тергеу басқармасы алған болатын. Қоршаған ортаға және жәбірленуші тарапқа қандай материалдық залал келтірілгенін анықтайтын болады арнайы сарапшылар. Ойға сыйымсыз қылмыс болғандықтан, ол міндетті түрде ашылып, кінәлі адамдар міндетті түрде өз жазасын тартатын болады.

Бағбандар алма бақты 49 жылға жалға алған. Теңіз деңгейінен 1100 метр биіктікте орналасқан бақтың иелері осында 40 жыл еңбек еткен. Ал алдағы уақытта ол киіз үйлерді тігіп, туристер демалатын орынға айналдыруды жоспарланған.

Нұрхан НҰРЛАНҰЛЫ


Хабарламаларға жазылу