Қазақстанда бензин бағасы қымбаттауы мүмкін. Бірақ бұл әлі нақты шешім емес. Бұл туралы Парламент Сенатының отырысында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов мәлімдеді. Қазір бензин литрінің бағасына 8 теңге акциз салығы қосылған. Міндетті төлемнің құнын тағы да 10 теңгеге қымбаттату жоспарланып отыр. Бұл бензиннің қазіргі бағасының ішінен алына ма әлде үстінен қосыла ма, әзірге белгісіз. Қазір жан-жақты талқылау жүргізіліп жатыр. Дегенмен министр бағаның бірден өсіп кетпейтінін, көршілес Ресей елінен әлі де болса арзан болатынын жеткізді.
Руслан Дәленов, Ұлттық экономика министрі:
Менің ойымша, мәселе жүйелі түрде, жан-жақты зерттелуі керек. Әрине жанармай бағасы 2 есеге өспейді. Себебі біз қарапайым тұрғындардың табыс көлемін де ескеруіміз керек. Барлық талқылаулар 1-желтоқсанға дейін аяқталып, жоспарымыз іске аса бастайды деп ойлаймын.
Оңғар АЛПЫСБАЙ