Биыл елімізде тек ауыл балаларына арналған қазақ-ағылшын жоғары мектебі ашылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл елімізде тек ауыл балаларына арналған қазақ-ағылшын жоғары мектебі ашылады

15.10.2019

Биыл елімізде тек ауыл балаларына арналған қазақ-ағылшын жоғары мектебі ашылады. Онда оқитын 100 шәкірт арнайы іріктеуден өткен. Шалғай елді мекендердегі дарынды, ойы озық оқушылар заманауи кампуста тұрады, білім алады. Оның барлығы — тегін. Теңдесі жоқ жоба жеке кәсіпкердің қаражаты есебінен жүзеге асырылуда. Ауыл балалары үшін бұл — керемет мүмкіндік.

Ерекше мектеп табиғаты тамылжыған мекенде, Бурабай көлінің жағасында салынып жатыр. Келесі жылы тамыз айында ғимарат құрылысы аяқталады. Ол сәтті еліміздің түкпір-түкпіріндегі 100 жасөспірім асыға күтіп жүр. Соның бірі — Жамбыл облысы Көлбастау ауылындағы №13 мектептің оқушысы — Қанағат Сәбит. Озат оқушы арнайы тесттен өтіп, алғашқы жүздікке кірді.

Қанағат Сәбит, Көлбастау ауылындағы №13 мектеп оқушысы:

Басында аң-таң болдым, бірақ кейіннен қуанышты болдым. Осындай керемет мектепке түскенім үшін мен өте қуанышты болдым. Химия, математика, физика сияқты миымды жұмыс істететін пәндерді жақсы көрем өзім.

Білім ошағына 9 сынып бітірген ауыл мектебінің оқушылары қабылданады. Олар үшін арнайы олимпиада ұйымдастырылған. Республикадағы 162 елді мекендегі 30 мың оқушының 800-і тестке қатысып, үздіктер іріктелді.

Айгүл Ербосынова, Қарабұлақ ауылындағы титов орта мектебінің оқушысы:

Мен аудандық олимпиададан ұтып алдым. Сонан кейін облыстық олимпиададан ұтқаннан кейін грантқа түстік. Бурабайға ұтып алған грантым ол маған өте үлкен мүмкіндік. Менің арманыма қанат бітірді.

Балалардың білім деңгейімен бірге логикалық ойлау қабілетіне баса назар аударылды. Ойы жүйрік оқушы кез келген замануи білім беру стандартын меңгере алады. Мектептің басты ерекшелігі осы.

Арсен Байтуков, мектеп директоры:

Жоспарын құрған кезде біз бір ойға келдік құрылтайшылармен. Ол — қазақи мектеп болуы керек. Қазақ құндылықтары, халықаралық мақсаттарға емес. Екіншіден, «Хай Скул», жоғары мектеп болған соң, бұл — ВУЗ-дарға дайындық мектебі. 2 жылдың ішінде біз өзімізге алған балаларды өздері таңдаған мамандыққа сай дайындық жасатамыз.

Оқыту процесінде жапон-фин тәсілдері де пайдаланылады. Бірақ оның толық көшірмесі емес, кейбір элементтері алынған. Спорт пен өнерге басымдық беріледі. Балалар бос уақытында сүйікті ісімен айналысады. Қазір «Майкрософт» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Мұнда барлық жұмыс электронды түрде жүзеге асырылады. Яғни «қағазсыз мектеп» әдісіне негізделген. Қазір оқытушылар іріктеліп жатыр. Ал жоғары мектепте білім алғысы келген балалар үшін жыл сайын олимпиада өтеді. Сондай-ақ алдағы уақытта дәл осындай білім ордасы тағы бірнеше өңірде бой көтереді.

Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу