Оралда шетелдік нөмірлі көлік иелері жасаған жол апаты көбейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда шетелдік нөмірлі көлік иелері жасаған жол апаты көбейді

14.10.2019

Оралда шетелдік нөмірлі көлік иелері жасаған жол апаты көбейді. Әсіресе тәртіп бұзып, оқиға орнынан қашып кететіндердің саны артқан. Алайда полиция қауқарсыз. Өйткені тіркеуде жоқ көліктің иесін табу қиын. Шектен шыққан шетелдік нөмірлі көлік иелері қашанғы жауапсыз жүреді?

Ресейлік нөмірлі көлік иесі кейіпкеріміздің інісінің «темір тұлпарын» түйіп, оқиға орнынан қашып кеткен. Тәртіп сақшыларына хабарланған. Айғақтар берілген. Бірақ жиырма күн өтсе де, полициядан қайран жоқ. Ақыры шетелдік көлікті өз бетінше іздеп, автобазардан тауып алыпты. Бөлшектеніп, бұтарланып, саудаға қойылған.

Ақболат Қатешев, қала тұрғыны:

Қазір бұл мәшиненің сау тамтығы қалмаған. Кеше келіп, жігіттерге айтқанмын: «Сендер білесіңдер ме, мына көліктің жол оқиғасына қатысы бар. Оны іздестіріп жатыр»,- деп. Мен ойлаймын, Ресейде тіркелген көліктердің Қазақстанда жүріп-тұруына бір шектеу қойса немесе арнайы тіркеуге алып, кімнің атына рәсімделгенін есепке алса, мұндай оқиғалардан кейін оларды тез арада табуға мүмкіндік болар еді.

Ал базардағы сауда нүктесінің қожайыны: «Көліктің жол апатына қатысы барын білген жоқпын»,- дейді. Сатып алғанда құжаттары дұрыс болған.

Бекболат Жарылғапов, автобазарда сауда орнының иесі:

Байқаған жоқпын. Алды соғылған болса белгілі ғой. Бір жері сынады немесе май тамып тұрады. Ал мынада ештеңесі жоқ. Ұрланған болса, документі жоқ болса, алмаймыз...

Полицейлер де тіркеуде жоқ мүліктің машақаты көп екенін айтады. Жыл басынан бері шетелдік нөмірлі көліктердің қатысуымен 948 жол апаты тіркелген. Солардың ішінде 100 көлік иесі оқиға орнынан бой тасалаған. Тәртіп бұзғандардың тек 40 пайызы жауапкершіліке тартылыпты.

Нұрбол Меңдіханов, Қалалық полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімше бастығының орынбасары:

Ресей, Армения, Беларус, Қырғызстан елінен әкелінген автокөліктер жол-көлік оқиғасын жасап, оқиға орнынан қашып кетсе, оларды табу өте қиын. Себебі бұл көліктер облыста еш жерде уақытша тіркеуде тұрмайды.

Еш жерде есебі болмағаннан соң, мұндай басбұзарлар салық төлемейді. Олардан айыппұл өндіру де қиын. Ең сорақысы, апатта адам өлімі болған жағдайда жауапқа тартылмай, бас сауғалауы мүмкін. Өйткені айғақтың көзін құрту оңай. Көлікті сенімхатсыз, сақтандыру полисімен-ақ сатып жібереді. Тіркеуден шығарып, уақыт шығындамайды... Ал автобазарда сауда қызып тұр. Өзі тыңшы боп кеткен кейіпкеріміз мәселенің заң жүзінде шешілерінен үмітті. Тәртіп сақшылары болса, жоғарыдан тіркеу туралы нұсқаманы күтіп жүр.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу