Жетісулықтар Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығын атап өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісулықтар Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығын атап өтті

14.10.2019

Жетісулықтар жыр дүлділі Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдық мерей тойын барлық сән-салтанатымен кең көлемде атап өтті. Екі күнге ұласқан дүбірлі мереке ақынның ауылында ескерткіш ашудан басталып, облыс орталғында ғылыми-тәжірбиелік конференциямен жалғасты. Балуандар күресіп, сәйгүліктер жарысып, ақындар өлең арнап бірнеше кітаптың тұсауы кесілді. Алты Алаштың басын қосқан рухани мерекеден толығырақ Қуаныш Қанатұлы әңгімелейді. 

Ақсу ауданының орталығы Жансүгіров ауылына биіктігі 6 метр ақын мүсіні тұрғызылды. Еңселі ескерткіштің ерекшелігі - тастан қашалған. Мерейтой аясында ақын шығармалары оқырманына 20 томдық кітап болып қайта жол тартты. 

Бауыржан Жақып, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын:

Ілиястың 44 жыл ішінде 40 кітабы шыққан екен. Сол 40 кітабының 10 кітабы табылмай жүрген. Соны Санкт-Петербургтен, Мәскеуден тауып әкеліп мына 20 томдықтың ішінде қосып шығарып жатыр. Әлі де табылатын дүниелері көп. 

Дүбірлі той ауыл стадионында театрландырылған қойылыммен жалғасты. Құлагер ақынның өмірі мен шығарашылығынан сыр шертетін көріністерді тамашалаған бір топ журналист Ілиястың кіндік қаны тамған Ойтоған ауылына да ат басын бұрды. Бұл елді мекен ақын туған кезде Жаңалық деп аталыпты. Бір қызығы ақынның оққа ұшқан ауылы да Жаңалық деп аталады. 

Талғат Батырхан, «Eqemen Qazaqstan» газеті бас редакторының орынбасары:

 Біз сол ауылдың тумасы болғаннан кейін мақтан етеміз. Ілияс - күллі қазаққа ортақ тұлға. 

Той облыс орталығында да өз жалғасын тапты. Өз елі өз ерлерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемеңгерді деген атпен ғылыми конференция өтіп, ақын тойына жарияланған мүшайра жеңімпаздары марапатталды. Балуандар белдесіп, құлагерлер сайысқан бәйге ұйымдастырылды. 

Қуаныш Қанатұлы

Хабарламаларға жазылу