Ақадыр кентіндегі қауіпті қазандықтар жертөледен шығарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақадыр кентіндегі қауіпті қазандықтар жертөледен шығарылды

14.10.2019

Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ақадыр кентіндегі үйлердің жертөлесінде орналасқан автономды қазандықтар түгел аулаға көшірілді. Енді тұрғындар қауіпті қазандықтар үшін алаңдамайды. Қауіпті дейтініміз, осыдан екі жыл бұрын өңірдегі Шахан қаласында дәл осындай жылыту нысанының жарылуы салдарынан үй опырылып, 9 адамның өліміне себеп болған еді. Ал Ақадырда осы күнге дейін мұндай 12 қазандық жұмыс істеп келді. Кенттегі жылу мәселесі тыңғылықты шешілді ме? 

Ақадыр кентінде 100-ден астам көпқабатты үй бар. Соның 12-нің жертөлесінде автономды қазандықтар орналасқан. Қазір жылыту нысандары алынып, аулаларға қуаттылығы жоғары 5 модульдік қазандықтар іске қосылды. Ол үшін облыстық бюджеттен 273 миллион теңге, ал ауданнан 36 миллион теңге бөлінген. Жалпы, жоба нақты осы жертөледегі қазандықтарды сыртқа шығаруға арналған. Дегенмен маңайдағы пәтерде от жағып отырған тұрғындардың да мәселесі назардан тыс қалдырмаған. 

Айман Қайрамбекова, Ақадыр кентінің тұрғыны:

Шынымен де бізге қиын болған. Үйге пеш жағу, көмір кіргізу. Кішкентай ас бөлменің өзінде мына жерде пеш тұрса, мына жерде газ тұрады.

Жаңа модульді қазандықтар жобада көрсетілген 12 үйді және қосымша тартылған 21 баспананы жылытуға қауқарлы. Бұл - кенттегі көпқабатты үйлердің тек үштен бір бөлігінің ғана мәселесі шешілді деген сөз. Бүгінде модульді нысандардың жұмысын жүргізу сенімді басқару мекемелеріне жүктелген.

Дәурен Кәрсембаев, Ақадыр кентінің әкімі:

Сенімдік басқару мекемелерге берледі. Алайда, қазіргі таңдағы бүгін басталғаннан кейін биылғы қыс жылыту маусымында әрі қарай өзінің жұмысын атқарады. Егер де бұл тиімді, жақсы, ыңғайлы жағдай болатын болса, болашақта әрі қарай қосылмаған үйлер бар. 100-ден артық үй бар. Сол үйлердің қалғанын қосуға жоспарға кіргіземіз бе деп отырмыз.

Ал әзірге жылу көзіне қосылмаған үйлердің тұрғындары пәтер ішінен пеш жағады. Бірқатары апталық пештерді орнатып алған. «Алдағы уақытта бюджеттен қаражат бөлінсе, бұл үйлердің мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі», -дейді жергілікті билік өкілдері.

Руслан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу