Бір күнде 3 бала терезеден құлап кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бір күнде 3 бала терезеден құлап кеткен

11.10.2019

Нұр-Сұлтан қаласында үш бала биіктен құлап кетті. Ең кішкентайы екі жасқа да толмаған. Барлығын періштесі қағып аман қалған. Бірақ жағдайлары тым ауыр. Мамандардың айтуынша, терезелерге қорғаныш торлары орнатылмаған.

Нысаналы Ығыл, тілші:

Жазатайым оқиғалар бір күнде қаладағы Алматы, Байқоңыр және біз тұрған Сарыарқа ауданында болды. Мына жатақхананың 4-ші қабатынан құлаған балаға алғаш боп көршілері көмек көрсеткен. Жедел жәрдемді де солар шақырған.

Қанат құлаған баланы алғаш көрген куәгердің бірі. 4 жасар бала дәл есігінің алдына құлапты. Қайта бүлдіршін бетонға тура түспей кедергілерге соғылған. «Егер жағдай басқаша өрілгенде жеткіншек өмірімен қоштасуы мүмкін еді»,-дейді көршісі. Оқиға кезінде ата-аналары үйінде болмапты.

Қанат Мұқанов, қала тұрғыны:

Мен үйде болғам, сосын айқай-шу болды шығып кеттім. Мында қарасам, кішкентай бала жатыр. Сол үстел мына жерде тұрған. Былай мында құлап, сосын үстелге кейін жерге құлады.

Ал үшінші қабаттан құлаған сәбиге 1 жас 11 ай екен. Мына үйде тұрады. Біз пәтерін іздеп таптық. Бірақ ата-аналарымен тілдесе алмадық. Қарсы болды.

Ал 6 жасар қыз бесінші қабаттан құлапты. Оны мына көршісі көзбен көрген. «Жерде жатқанда дыбыс шығармаған соң, қорыққанымнан жүрегім аузыма тығылды»,-дейді.

Терезеден құлап кету фактісі бойынша жыл басынан бері 21 оқиға тіркелген. Оның үшеуі қайғылы аяқталған. «Одан сақтанудың жолы біреу және қарапайым»,-дейді мамандар.

Қуаныш Тоқтарин, Сарыарқа аудандық ТЖБ басшысы:

Бірінішіден, ата-аналар терезеге тор қою керек. Немесе отбасының ақшасы жоқ болған жағдайда «ручканы» алып тастап баланың қолы жетпейтін жерге тығып тастау керек.

«Балалар кеше аса ауыр жағдайда ауруханаға түскен. Жан сақтау бөліміне жатқызылып, диагностикалық шаралар мен тиісті ем жүргізілді»,-дейді дәрігерлер. Үшеудің біреуін бөлімшеге ауыстырыпты.

Жарылғасын Бектасов, №2 қалалық балалар ауруханасы жарақат бөлімшесінің меңгерушісі:

Ауыр жарақат алған. Қосалқы ауыр жарақат. Бас миы шайқалған. Және іш құрылыстары соғылған. Сондай ауыр зақымдар. Палатаға ауыстырылғаны — ең кішісі, хирургия бөліміне ауысты. Тура әке-шешелерінің кінәсі осы кезде. Дұрыс қарамағандығы, көңіл аудармағандығы.

Иә, айтпақшы, жоғарыдағы үш жағдайда да балалар ата-аналарының қарауынсыз қалған. Түсірілім барысында аңғарғанымыздай, көп қабатты үйлерде тор орнатылған терезелер саусақпен санарлық. Ал балалы отбасында қауіпсіздік басты мәселе.

Нысаналы ЫҒЫЛ


Хабарламаларға жазылу