Облыстық мәслихат депутаттары ауылдарға барып, халықпен кездесу ұйымдастырмайды. Сайлауалды науқаннан кейін халық қалаулыларын мүлдем көрмеген өңірлер де бар. Соның ішінде Ақтөбе, Маңғыстау аймағының депутаттары жұмысына салғырт қарайды. Бұл туралы «Nur Otan» партиялық бақылау комитеті отырысында айтылды. Сондай-ақ, депутаттар кездесулерге өздерінің көмекшілерін жіберетін жағдай көп тіркелген. Ал азаматтардың өтініштері еш қаралмапты. Айта кетейік, бүгінде елімізде 3 мыңдай депутат бар. Олар 6,5 мың елді-мекеннің 2 мыңдайында қоғамдық қабылдау өткізе алады. Жалпы регламентке сәйкес, партия мүшелері жылына кем дегенде 4 рет жеке халықпен кездесу қажет.
Майра Айсина, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
Біз өзіміз осы жұмысқа келдік пе, партия осы жүкті өзіне алды ма, биліктің партиясы болғандықтан, бәріне шыдауымыз керек, бәрін көтеруіміз керек. Халықтың мұң-мұқтажын біз естімегенде, кім естиді?Сол себепті бүгін айтылып отырған бар мәселені нақты бір талықлап өздеріңіз, нәтиже шығарып, әр нәрсенің бағасын беріп, жауапкершілігімізді көтеруіміз керек.
Фариза МҰСАҚЫЗЫ