Қостанайдағы жаңадан салынған тас жолдан кінәрат шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайдағы жаңадан салынған тас жолдан кінәрат шықты

10.10.2019

Тегістелген жол қайта тесіліп жатыр. Қостанай – Сарыкөл бағытындағы тас жолға жүргізілген жөндеудің сапасы сын көтермейді. Жаңадан төселген асфальт айға жетпей ойылып, шұрық тесілген. Биыл жоба бойынша жолдың 27 шақырым бөлігі орташа жөнделуі тиіс еді. Бұл үшін қазынадан 1 миллиард 200 миллион теңге қаржы бөлініпті.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Миллиондаған қаржы бөлініп, жөнделіп жатқан жол осы. Мына асфальттың төселгеніне бірнеше апта ғана болған. Алайда, тақтайдай тегіс қалпы ұзақ сақталмады. Үр жаңа асфальт әр жерінен мынадай боп іріп, тесіліп жатыр.

Бұл негізінен Алматы – Екатеринбург бағытын жалғайтын үлкен жолдың бір бөлігі. Халықаралық маңызға ие. Қостанай қаласы мен Сарыкөл ауданына дейінгі аралыққа орташа жөндеу жүргізу 2017-ші жылы басталған. Осы уақытқа дейін 100 шақырымға жуық жол тегістелді. Соның биыл жөнделген 21 шақырымынан ақау шығып отыр.

Денис, жүргізуші:

Осы жолдың жөнделуін 10 жыл күттік. Ал оның сиқы мынау. Әр шақырым сайын 10-15 шұқыр бар. Не деген жаупсыздық?! Елдің ақшасын осылай ысырап етуге бола ма?

Батыр Жағыпаров, жүргізуші:

Жөндеп жатқан жігіттерден сұрадым: «Қандай технологиямен істеп жатсыңдар?» -деп. «Евростандарт»,- деді. Қайдағы евростандарт? Тегістеген жерді қайта жамап жатыр. Бәрі быт-шыт. 

Жүргізушілер осылай деп дабыл қаққан соң тапсырыс беруші жақ комиссия құрып тексеру жүргізген. Мамандар жұмыс сапасына ауа-райының қолайсыздығы әсер еткен деп отыр. Олардың айтуынша, өткен айда толассыз жауған жаңбыр топырақты ылғалдандырып, босатып жіберіпті. Асты бос болғандықтан асфальт ойылып түсіп жатыр.

Хамзат Сұлтанов, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ ҚОФ директорының орынбасары:

Біз ол жұмысты қабылдаған жоқпыз. Комиссия құрып, сапа орталығы мамандарымен бірге осы ақауларға қатысты хаттама толтырылды. 25 қазанға дейін мердігер өз есебінен бәрін өзгертеді.

Яғни мердігер жаланы жаңбырға жауып жауапкершіліктен құтылмайды. Кепілдік мерзімі біткенше кемшіліктің бәрін жоюға міндеттеледі. Мамандар жол құрлысына байланысты биыл облыстың өзге өңірлерінде мұндай келеңсіздік кездеспегенін айтады.

Дәуренбек ӘБДІБЕК


Хабарламаларға жазылу