«Астана тұрмақ ауылдан басыбайлы баспана бұйырмады». Бұл Қостанай облысының Федоров ауданы, Ленин ауылында тұратын жеті баланың анасы — Ләззәт Хасенованың жанайқайы. Қазір отбасы жергілікті щаруашылық уақытша берген үйді паналап отыр. Жеті баланың біреуі бірінші топтағы мүгедек. Көпбалалы ана жағдайын айтып қанша есікті қақса да, мәселе шешімін таппапты.
Бұл отбасының ешқашан басыбайлы баспанасы болмаған. Себеп түсінікті – сатып алуға қаржы жетпейді. Сондықтан бала-шағасымен әркімнің босағасын сағалап жүр. Бұған дейін отағасы көрші ауылдағы шаруашылықтың малын бағып, отбасымен солар ұсынған үйде тұрыпты.
Ләззәт Хасенова, көпбалалы ана:
Жолдасым мал бағып жүргенде мал егінге түсіп кетпей ме? Содан бізге 70 мың теңге айыппұл салды. Мен оны төлей алмайтынымызды айттым. «Онда төлемесеңдер үйден шығыңдар»,- деді бізге.
Сөйтіп шиеттей баламен далада қалып, Ләззәт тағы да шарқ ұрып баспана іздейді. Ленин ауылындағы ірі серіктестік оған көмек қолын созып, осы үйде тұруға рұқсат етіпті. Бірақ бұл да сол серіктестіктің меншігіндегі нысан. Яғни отбасыға рәсімделіп, басыбайлы берілмеген. Әрі жайсыз.
Ләззәт Хасенова, көпбалалы ана:
Өте салқын. Қыста басқа бөлмелерді жауып қоямыз. Отын көп кетеді. Оны істеуге өзімде ақша жоқ. Балаларға киім-кешекті де қарызға аламыз. Алған ақшамызды дүкенге қарызын өтеуге береміз. Сосын тағы аламыз.
Ләззәт Хасенова жағдайды айтып, аудандағы жауапты мекемелерге барғанымен, ешкімнен тұщымды жауап естімегендігін айтады. Ал аудан әкімінің орынбасары бастаған комиссия мүшелері бүгін түсіру тобының алдында ғана келіпті. Олар отбасының кірісін ресми рәсімдеу үшін алдымен отағасы мен үлкен баласын жұмысқа орналастырмақшы. Жұмыс берушімен келісім де жасалған.
Азамат Кашиев, Федоров ауданы әкімінің орынбасары:
Сол жұмысқа кіргесін алты айдан кейін бұл кісілер «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысады. Содан кейін несие беріледі. Сол несиеге бұлар аудан аумағынан баспана сатып ала алады.
Жалпы Федоров ауданында қазір 7 көпбалалы отбасы баспана кезегінде тұр. Ләззәт Хасенова сол кезекке сегізінші болып енді тіркеледі. Яғни ол бұған дейін үйге мұқтаждардың есебінде болмаған. Жеті баланың анасы тегін ештеңе сұрамайды. Тек мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, басыбайлы баспаналы болсам деп тілейді.
Дәуренбек ӘБДІБЕК