Диқандар су арнасының жеке қолға өтіп кетуіне наразы - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Диқандар су арнасының жеке қолға өтіп кетуіне наразы

07.10.2019

Мойынқұм ауданында биыл мыңдаған гектар бау-бақша алқабы мол өнім берді. Алайда келер жылы су арнасын жекенің меншігіне аударып алған латифундистің кесірінен су тапшылығы болуы мүмкін. «Егіншілікке енді араласа бастаған тұрғындар жерді иеленген кәсіпкердің әрекетінен жиырма жылдан астам уақыт диқаншылықтан қол үзіп келдік»,- дейді.

Қанатбек Дігәрбеков Мойынқұм ауданы Күшәмән ауылының тұрғыны. Егіншілікке ебі бар азамат ауылға ағын су келеді дегенді естіп көпшілікпен бірге жерге соқа салған. Талай жыл тіршілік нәрі келмеген жерге тары егіп, мол өнім жинап жатыр.

Қанатбек Дігәрбеков, диқан:

Каналымыз құлап кеткен. Ол жекешеде болатын, Асылхан деген жігітте. Ешқандай еңбексіз қалдық. Жайылым жер қылып тастадық. Міне, биыл облыс әкіміне, аудан әкіміне рахмет, қолға алып канал қазып берді. Екі отбасы бірігіп төрт гетардан тары айдады. Екі гектар жерден 130 қап тары алдық.

Биыл өңірде ағын суды реттейтін механикалық отрядь құрылған болатын. Бұл техникалық бірлістік өңірдегі суармалы жерлерге су тартумен айналысып, диқандарға су жеткізген болатын. Есесіне аймақ азаматтары бес мың гектар жерге дәнді дақыл сепкен.

Сәбит Әлдебай, тілші:

Биыл тіршілік нәрімен қолы жеткен көпшілік егін егіп, еңбекке араласа бастаған. Оны біз жол бойында қатар-қатар тізілген көкөніс базарынан байқауымызға болады. Мұнда Мойынқұмның брендіне айналған тәтті қауын, қарбыз бен дәмі тіл үйіретін түрлі жемістерден дәм татуыңызға болады.

Енді талай жыл қараусыз қалған каналдың иесі табылып отыр. Ол иелігімдегі мүлікті заңсыз пайдаланды деп жергілікті әкімдікті сотқа да берген. Аудандық және облыстық сот арыз берушінінің өтінішін қанағаттандырмады. Алайда жерді заңсыз иемденген азамат жоғарғы сотқа жүгініп отыр. Ал егіншілкке енді бет қойған шаруалар су арнасы жекенің қолына өтіп кете ме деп алаңдаулы.

Қасым Байрамов, диқан:

Биылдың өзіне Оразалев көп кесірін тигізді бізге, қайта-қайта арыз жазып, кеш берілді су. Сонда да бәрі егіп, мол өнім алды.

Амантай Нұржаубаев, диқан:

Каналды қаздырып, кеш те болса бидайын орып, жүгері мен тарысын орып жатыр, айналайын...

Жер мен суды иеленген азамат көпшіліке су әкеліп берудің орнына талай жыл суды сатып келген. Алқапқа келетін каналдың тоз-тозы шығып, қызмет етуден де қалған. Былтыр су арналары мемлекет меншігіне алынып, алты арна тазаланып, ел игіліне берілді. «Бірақ, бұған кедергі жасап, тірліктің берекесін алуға әзір латифундистерге тоқтау салатын кез келді»,- дейді мамандар.

Қызыр Елеусізов, Мойынқұм ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

Каналдардың барлығы Оразалиев Асылханныің меншігінде болмағаннан кейін, біз бюджеттен бұған ақша қоя алмадық, не Асылхан тазаламады, не бюджеттен шығарып біз тазаламадық, сонымен екі ортада біздің халқымыз, нәсібінен жер ананы игеруден қағылды. Енді соттың шешімі біздің пайдамызға түскеннен кейін біз оны заңдастырып, тазалап жатырмыз, канал осындай жағдайда қызмет ете береді.

8 мың гектар суармалы жері бар аудан тұрғындары бұған дейін бұл жерлердің басым бөлігін іске жарата алмай келген. Енді әр ауылдың каналдары тазаланып, егіс алқаптарының тамырына қайтадан қан жүгіре бастады. «Бұл жұмыс жүйелі жалғасса, суармалы жерлерді толық игеруге мүмкіндігіміз бар»,- дейді шаруалар.

Сәбит ӘЛДЕБАЙ


Хабарламаларға жазылу