Орал қаласында жөнделуі тиіс 50 көшеде жұмыс әлі басталмаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орал қаласында жөнделуі тиіс 50 көшеде жұмыс әлі басталмаған

07.10.2019

Оралда биыл жоспарланған 50 көшенің құрылысы басталмай қалды. Өйткені жобалау құжаттарында шикілік шығып, кері қайтарылған. Тұрғындар «әні-міне салынады» деп сарыла күткен құрылыс тағы да келер жылға ысырылды. Жол азабын, әсіресе қала іргесіндегі құс фабрикасы, Деркөл, Балауса шағын аудандарының халқы көріп келеді. Оларға жергілікті билік маусым сайын уәде береді. Бірақ көше жазда көк шаң, күзде лайсаң.

Бұл аты саяжай болғанымен, тірлігі қаламен бітісіп кеткен құс фабрикасы ауданы. 10 мың халық тұрады. Күн райы бұзылса, жолсыз жермен жаяу түгілі, көлік жүре алмайды.

Роллан Өтебаев, Орал қаласының тұрғыны:

Біздің бармаған жеріміз, баспаған тауымыз жоқ. Бізге ешкім әлі көмектесіп жатқан жоқ. Өзіміз көреміз ғой, мына ата-аналар балаларын құшақтап, мына трассаға дейін өлместің күні, балшық-балшық болып, екі аяқпен әрең жүретін күндері болады. Соны көзбен көре тұра, неге жасамайды? Осы ғой біздің қарнымызды ашыратыны.

 «Жығылғанға жұдырық» дегендей, енді тұрғындар көшені тегістеуге тегін берілген ескі асфальтты «саяжай қоғамы төрағасы үйінің алдына төсеп алды» деп айыптап отыр. Тіпті оны сотқа берген. Ал төраға мұнымен келіспейді.

Асылбек Қабесов, Саяжай қоғамының төрағасы:

Ол - қате әңгіме. Біз қазір айтып отырған Бейбітшілік көшесімен қазір №3 қоғамдық көлік жүріп жатыр. Автопарктың сұранысы бойынша шоқалақ, тегіс емес жер болатын. Соны тегістеу бағытында жасалған жұмыстар.

Яғни төрағаның қоғамдық көлік жүретін көшеде тұруы таза сәйкестік. «Қалай десек те, бұл ауданға қала мәртебесін алмай, жол жоқ»,- дейді жауаптылар. Саяжайды айтасыз, қала құрамындағы Деркөл шағын ауданына да биыл жол салынбайтын болды. Өйткені 50 көшенің құжаттамасында қате кетіп, сараптамадан өтпей қалған.

Айдар Меңеев, Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Жобалық-сметалық құжаттама қайта қаралып, сараптамадан өтеді. Содан кейін тамыз айының аяғы, қыркүйекте бастауға жоспарлап отырмыз.

Алайда жаз өтті, күз келді. Уәделі асфальт әлі жоқ...

Ербол Арыстанғалиев, Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

Қазан айында басталады деген ол қате болар. Жоба жасатуға тапсырыс беретін біздің бөлім. Бірінші сараптамадан өтпей қалды, қателіктер болып. Көшелердің сандары дұрыс берілмеген, тағы басқа.

Балауса шағын ауданында да тап осындай жағдай. 7 көшенің жөнделуі басталғанымен, аяқсыз қалған. Өйткені қала әкімдігі мердігерге 200 миллион теңге қарыз. Шаһардың шеткері аумағы түгілі, қаланың қақ ортасындағы Елизаров, Жүнісов, Кердері көшелерінде де әлі күнге қатқыл табанды жол жоқ.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу