Халық ішер суға жарымай отыр. Алыстағы ауыл түгілі, Нұр-Сұлтан қаласының маңайындағы елді мекендерде су жоқ. Осы уақытқа дейін бірнеше мәрте мемлекеттік бағдарлама қабылданды, миллиардтаған қаржы бөлінді. Бірақ жұмыс нәтижесіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ауыз су мәселесіне ерекше тоқталды. Алдағы үш жылда халықты таза сумен қамтамасыз ету үшін 250 миллиард теңгеге жуық қаражат қаралады.
Ақерке Берікбекқызы, тілші:
Нұр-Сұлтан қаласына қарасты Көктал 1 шағын ауданының тұрғындары суды тасып ішеді. Құдық осыдан 2 шақырым жерде. Күн жылыда балалар суды ойнап жүріп таситын шығар, бірақ кун суытқан сайын алыстан арбамен су тасудың қиындығы көп.
Әлхан Амантай «Нұр бесік» тұрғын үй кешеніне 2007 жылы көшіп келді. Көлігі барлар көлікпен тасиды, мәшинесі жоқтар жаяулап-жалпылап, қысы-жазы бөтелке, шелегін салдыратып жүреді.
Әлхан Амантай, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:
Бұл енді аудан емес, ауыл емес, облыс емес, күнде аспанға жеткізіп мақтап жатқан Астанамыз ғой. Астанада тұрып, 10 жылдан астам ауыз сусыз отырмыз деудің өзі ұят мәселе. Тендерді ұтып алып, 576 миллион теңге ақшаны, жұмыс бастағалы 3 жыл болды. Содан бері әйтеуір бір қазып жатыр, не істеп жатыр, білмейміз...
Бұл аумақты сумен қамту жобасы жоспар бойынша келер жылы аяқталады. Оның өзінде, құбырды тек көшелерге жүргізу қарастырылған. Үйлерге су жеткізу мәселесі ескерілмеген.
Ирина Першина, Қалалық отын-энергетикалық кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлімінің бас маманы:
Өкінішке қарай, жобада су құбырларын үйлерге тарату жайы қаралмаған. Сондықтан қазір әкімнің тапсырмасымен қосымша жоба дайындалып жатыр. Шешіледі деп ойлаймыз.
Қаланың іргесіндегі Қажымұқан ауылында да су қат. Бұл елді мекеннің тұрғындары таза суды сатып алады. Ақшаға келген соң сұрауы бар. Сондықтан барынша үнемдеп пайдаланады. Мұнда да бірнеше ай бұрын көшелер қазылып, құбырлар жүргізіле бастады. Оған халық қуанған. Бірақ, қазір үміттен гөрі күдік басым.
Ислам Шүкенов, Қажымұқан ауылының тұрғыны:
Суды тасып ішеміз анау Талапкерден, Ақмоладан. Балалар қалада жұмыс істейді ғой. Солар алып келеді. Ендігі жылы береміз дейді. Жартысына да жеткен жоқ. Бастады, тастады, кетті.
Ислам Байкенов, Қажымұқан ауылының тұрғыны:
Құдықтар ашық, жабылған жоқ. Балалар жүреді, мал жүреді. Машина жүреді. Қасымызда, міне құдық тұр, ашық жатыр...
Қазақстанда 2 миллионға жуық тұрғын әлі күнге дейін сусыз отыр. Ал осы уақытқа дейін ауыз су бағдарламаларына 1 триллионнан астам қаржы бөлінген.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Үкімет бұған дейін де көп қаражат бөлген болатын, бірақ оның көбі құмға сіңген судай жоқ болып кетті. Ашығын айтсақ, шенеуніктердің қалтасына кетті, ал таза су, жол және басқа да инфрақұрылымның жағдайы әлі де сол күйінде. Бұл жолы Үкімет пен Парламент Есеп комитетімен бірлесіп, бюджет қаражатын толығымен тиімді пайдалануды қамтамасыз етуі тиіс.
Әзірге еліміз бойынша 3272 елді мекеннің тұрғындары ғана таза су ішіп отыр. Оның өзінде мәселе толық шешілмеген. Кейбір жерлерде су сағаттап қана ағады. Мемлекет басшысы проблеманы шешу үшін қосымша тағы 140 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Халық Президент айтқан соң мәселе шешілер деген үмітте.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ