Түркістанда автошеру өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда автошеру өтті

08.10.2019

«Ақсүмбе мен Ақсу-Жабағылы арасы... Сұлтанбек Қожанов пен Тұрар Рысқұловтың 125 жылдығына орай, қос қайраткердің ата қоныстарына -автошеру жасалды. Тағылымды-танымдық сапарды ұйымдастырушы –«Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы. Қаратаудың қиыр түкпіріндегі Созақтан - Алатау баурайындағы Түлкібасқа дейін барған автокеруен тұлғалардың тарихта қалған ізін шолып қайтты. Гүлжазира Ғалиқызы жалғайды. 

Қойны-қонышы қазынаға толы Қаратаудың қиыр түкпірі. Ақсүмбе- 70-80 түтіні бар ат төбеліндей ауыл. Сұлтанбек Қожанұлы- 1894 жылы 10 –қыркүйекте дәл осы топырақта туған. Түкпірде туып, тұтас түркі жұртына тұтқа болған.      

Бейбіт Қойшыбай, тарихшы, Қожановтанушы:

Орта Азиядағы елдердің жеке- жеке ел болуына ат салысқан адам. Тәжіктер әлі күнге айтады. Қарақалпақ , оның ішінде қазақтар да, жеке автономиялық бірлік болуына, Орынборға барып жүріп, үлкен жиындарға қатысып жүріп, қол жеткізген. Сондай-ақ, ең үлкен еңбегі екі бөлініп жатқан қазақ елін біріктіру. 

«Бөліп ал да, билей бер» саясатын ұстанған ұлттық территориялық межелеу кезінде ел шекарасын қызғыштай қорғаған. «Қазақтың астанасы киіз үйде болса да, қазақтың қалың ортасында болсын» деп Ақмешітті астана еткен. Ұлттық баспасөзді ұйымдастырған. Орта Азиядағы жоғары білім беру ісін, мақта шаруашылығын жолға қойған. Ахмет, Міржақып, Мағжан секілді алаш арыстарына қамқор болған. Осандай ірі тұлғаның ауылында іргелі істер атқарылып жатыр. 

Нариман Нұрпейісов, ғалым, ОҚМУ факультет деканы:

Сұлтанбек Қожанов атындағы мектептің іргетасы қаланып жатыр. Шолаққорғанда музейі бой көтеріп келеді. Сұлтанбек бабамыздың 125 жылдығына енді Ақбикеш мұнарасы да еңсесін тіктеп, тарихи қалпын сақтап қалуға аудан әкімі, аудан жұрты ат салысады деп ойлаймын. 

Қазақ зиялыларын қынадай қырған қызыл үкіметтің қанды құрығынан Қожанов та құтылмайды. Жала жабылып, 1938 жылы 10-ақпанда ату жазасына кесіледі. Туған жерден топырақ бұйырмайды. Ақсүмбенің «аңсұңқары» Мәскеудің Комунаркасында көмілген. Ұлты үшін құрбан болған ерді ешкім ұмытпайды. Сондықтан, өте шалғай болса да, Сұлтанбек туған ауылдан адам аяғы арылмайды.  

Мейрам Әлмаханов, С.Қожанов атындағы Ақсүмбе орта мектебінің директоры:

Есімін ұлықтау, ұмытпау үшін осы аядай ауылда республикалық, облыстық деңгейде осымен екінші рет үлкен шаралар өтіп жатыр. 

Тарих таразысында салмағы шамалас тұлғаларының бірі-Тұрар Рысқұлов. Алыстағы Ақсүмбеден- тоғыз жолдың торабындағы Түлкібасқа аттанған экспедиция- ұлылардың ізі қалған жолдармен жүріп өтті. Қазақтан шыққан тұңғыш инженер Мұқамеджан Тынышбаев салдырған Рысқұл ауылы маңындағы тоннельге табан тіреді. Түркісіб теміржолы бойындағы қос тұлғаның ескерткіштеріне тағзым етті. Ауданның 90-жылдығана орай қайта түлеген «Тұңғыш Президент» саябағында өткен салтанатты жиынмен түйінделді.     

Гүлжазира ҒАЛИҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу