ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап мұқтаж азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі - АӘК) қалай көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі.
Сөз басында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің басшысы АӘК әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға ғана ақшалай төлемдер түрінде және жеке ісін бастауға оқытуға, жұмысқа орналасуға және қолдау көрсету арқылы отбасын өмірлік қиын жағдайдан шығаруға көмектесуге бағытталғанын атап өтті.
Министр 2019 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі (бұдан әрі - ЕТКД) 29 698 теңге көлемінде белгіленіп, шекті өлшем күнкөріс деңгейінің 50-ден 70%-на дейін ұлғайтылғанын, жан басына шаққандағы орташа кірісі 20 789 теңгеден төмен отбасылардың АӘК алуға құқығы бар екенін еске салды. АӘК жан басына шаққандағы кіріс пен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық ретінде тағайындалады, бірақ бұл ретте балалар ең төменгі күнкөріс шегінің 70%-ын (20 789 теңге) алатын болады.
«Ағымдағы жылдың тоғыз айында АӘК 417 мың отбасына немесе 2,1 млн адамға тағайындалды. АӘК орташа мөлшері бір адамға 2,5 есе, 6848 теңгеден 16 446 теңгеге дейін өсті. Орташа есеппен отбасына 90 мың теңге шығады, айына ең көп тағайындалған сома – 455 мың теңге. Биыл АӘК-ке 206,2 млрд теңге көзделген, оның 146,4 млрд теңгесі төленді», – деді Біржан Нұрымбетов.
Сондай-ақ, ол АӘК төлеумен қатар ұсынылған жұмыспен қамту шаралары көптеген отбасыларға қиын өмірлік жағдайдан шығуға көмектескенін атап өтті. Алайда, АӘК-ті заңсыз түрде алу үшін азаматтардың табысы мен бизнесін жасырғаны туралы жағымсыз фактілер де аз емес.
«Қазақстанның барлық өңірлерінде жауапты және еңбекқор азаматтар АӘК пен «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында нақты көмек алып, өздерінің отбасыларының тұрмыс жағдайын түзеп қана қоймай, жеке кәсібін құра алатындығы туралы көптеген мысалдар бар. Мәселен, бірнеше әйел қысқа мерзімді оқу курсынан өтіп, кредит және әлеуметтік көмек алып, сұлулық салондарын, ал ер азаматтар біреулері мал сатып алып, енді біреулері шеберханалар ашты. Алайда кейбір азаматтар мемлекет тарапынан көрсетілген көмекті асыра пайдалануда. Өзінің нақты табысын жасырған 73 мыңнан астам отбасына АӘК заңсыз тағайындалған. Біз төлемдерді тоқтатуға немесе қайта есептеуге мәжбүр болдық. Бизнеспен айналысу фактілерін жасыру жағдайлары да аз емес. Мысалы, Алматы облысында көпбалалы отбасы ағымдағы жылдың 11 маусымынан бастап АӘК алды. Бірақ тексеру барысында бұл отбасының 852 бас мал тіркелген шаруашылығы бар екені анықталды», – деді Нұрымбетов.
Министр бұл үрдістер Мемлекет басшысының назарынан тыс қалмағанын, Қазақстан халқына Жолдауында АӘК-тің төлем механизмдерін түзетуді тапсырғанын еске салды. Осыған байланысты, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тәсілдерін, оның ашықтығын, әділдігі мен еңбекке деген уәждемесін қамтамасыз етеді.
«Ең басты принцип – мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі! Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке – көп балалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға кепілдендірілген әлеуметтік пакеті кіреді», – деді Біржан Нұрымбетов.
Министрдің айтуынша, көп балалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыларға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар), табысына қарамастан төленеді. Мемлекеттік жәрдемақы мөлшері бала санына қарай сараланады. Әр балаға орта есеппен 10-11 мың теңге және 2018 жылдан бастап тағайындалуы тоқтатылған осыған ұқсас жәрдемақы мөлшерінен 4-7 есе артық болады.
«АӘК табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең аз күнкөріс деңгейінің 70%-ын тағайындаудың шекті өлшемі қалады. 2020 жылға ең төменгі күнкөріс деңгейі 31 183 теңге мөлшерінде белгіленді. АӘК мөлшері, бұрынғыдай, отбасының әр мүшесі үшін орташа жан басына шаққандағы табыс пен отбасының әрбір мүшесіне ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 % арасындағы айырманы құрайды», – деді Нұрымбетов.
Ол сондай-ақ, орын алуы мүмкін бұзушылықтарға жол бермеу мақсатында атаулы әлеуметтік көмек алудың кейбір рәсімдері мен шарттары өзгертілетіндігін атап өтті.
«Біз тоқсан сайын АӘК тағайындау мен төлемдерді қайтарамыз. Учаскелік комиссиялардың жұмысын күшейтеміз. Әлеуметтік көмек алуға үміткер отбасы қойылатын талаптарға сәйкес келмеген жағдайда учаскелік комиссиялар АӘК тағайындаудан бас тарта алады», – деді министр.
Біржан Нұрымбетов АӘК алатын барлық еңбекке қабілетті отбасы мүшелері жұмыс істеуі тиіс екенін атап өтті. Оларды жұмысқа орналастыру үшін нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының барлық механизмдері пайдаланылатын болады.
«Біз оларға мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарындағы бос жұмыс орындарын және жеңілдетілген микрокредиттер мен бизнес ашу үшін қайтарымсыз гранттар алуды ұсынамыз. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда АӘК төлемі тек оған ғана емес, бүкіл отбасына да тоқтатылады», – деді ол.
АӘК көрсетудің жаңа механизмдерінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап кепілді ендірілген әлеуметтік пакеті ұсынылып, онда табысы аз отбасылардың балаларын қолдауға ерекше назар аударылатын болады.
«Мектепке дейінгі жастағы балалар үшін балалар тағамы, гигиеналық құралдар, білім беру қызметтері ұсынылады. Мектеп жасындағы балалар үшін ыстық тамақ, мектеп киімдері мен керек-жарақтарын сатып алу, жол жүру шығындарын өтеу, сондай-ақ медициналық қызмет көрсету көзделген», – деді Біржан Нұрымбетов.
Жоғарыда аталған әлеуметтік қолдау шараларымен қатар балалары бар табысы аз отбасыларға үй бизнесін жүргізу дағдыларын игеруге көмек көрсетіледі.
«Алматының барлық сегіз ауданында үкіметтік емес ұйымдар тарапынан «Бақытты отбасы» орталықтары құрылған. Онда аналары курстардан өтіп жатқан кезде балаларының қараусыз қалмауына барлық жағдай жасалған. Курстан өткен аналарға қажетті жабдықтар сатып алу үшін қайтарымсыз гранттар беретін боламыз. Бұл тәжірибені барлық өңірлерде таратуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, біз «Менің кәсібім» жобасын іске қостық, оның аясында әкімдіктердің қолдауымен демеушілер есебінен аналарға шағын үй бизнесімен айналысуға көмектесеміз», – деді министр.
Брифинг соңында Біржан Нұрымбетов ҚР Еңбекмині әрбір отбасының әлеуметтік картасын жасағанын, карта мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен автоматтандырылған деректер негізінде отбасылардың нақты мәртебесін анықтауға және қадағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Бұдан әрі бұл ақпарат өмірлік қиын жағдайда қалған отбасы мүшелерін жұмысқа орналастыру және әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру үшін пайдаланылады.