Лондонның корольдік колледжін бітірген Гүлмира Қаппасова — ауыл мектебінде мұғалім. Ағылшын тілін жетік меңгерсе де, шетелден мол тәжірибе жинаса да, лауазымды қызметке қызыққан жоқ. Одан гөрі ауыл балаларының зейінін ашып, олардың жан-жақты болуына, замануи білім алуына ықпал етсем деп мақсат етті. Қазір Гүлмира Тайтөбе ауылындағы білім ошағында ағылшын тілінен дәріс береді.
Жас ұстаздың әр күні осылай басталады. Таңертеңнен кешке дейін мектепте, оқушылардың арасында. Өзі содан ләззат алады. Балалардың ағылшын тіліне деген қызығушылығын арттыру үшін сабақты түрлендіреді. Жаңа әдіс-тәсілдерді молынан пайдаланады. Оған оқушылар мәз.
Ой ойыннан басталады. Бұл технология әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар. Балалардың пәнге деген ынтасын арттыруға сеп болады және тіл дамытудың бір түрі.
Гүлмира Қаппасова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:
Шетелдегі өмірді көрдім, шетелдегі оқу сабағын көрдім, қалай оқытатынын көрдім. Өзім үшін сосын шештім, Қазақстанға келіп, сол білімімді берсем екен, сол білімімді бөліссем екен деп.
Ауылда туып, ауылда өскен Гүлмираның жүрегіне бұл балғындар өте жақын. Өзінің балалық шағы көз алдына келеді. Сондықтан ол Лондоннан келіп, Тайтөбеге тұрақтады.
Гүлмира Қаппасова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:
Мүмкін басқа жерге орналассам ба деген ой болды. Бірақ мына балаларды көрген соң мен калып, оларды кішкене дамытсам, ағылшын тілін кішкене жетілдірсем, ағылшын тілі жоғары деңгейде болса екен деп мен осы ауылда тағы да қалдым.
Гүлмира мектепке тың серпін әкелді. «Болашақ» бағдарламасының түлегінен оқушының үйренері көп.
Гүлім Әлиева, мектеп директорының орынбасары:
Осы кісінің осы мектепте жұмыс істеп жатқаны біз үшін мақтаныш, оқушылар үшін де мақтаныш. «Болашақ» бағдарламасы бойынша алып келген білімі біздің бүгінгі таңда оқушыларымызға өте игі әсерін тигізіп жатыр.
Нағыз ұстаз болу кез келгеннің қолынан келе бермейді. Оған үлкен жүрек керек. Бұл қасиет Гүлмираның бойында бар. Демек «Ауыл баласы шетелде білім алсын, ағылшын тілін жетік білсін, көкірегі ояу, көзі ашық болсын» деген айқын мақсатына ол сөзсіз жетеді.
Ақерке БЕРІКБЕКҚЫЗЫ