«Қазақстан темір жолы» компаниясының 100-ге жуық жолсерігі жекеменшік мекеменің қарамағына өтуге қарсылық білдірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстан темір жолы» компаниясының 100-ге жуық жолсерігі жекеменшік мекеменің қарамағына өтуге қарсылық білдірді

04.10.2019

Маңғыстауда жүзге жуық жолсерік наразылық танытты. Маңғышлақ-Ақтөбе пойызының қызметкерлері жеке-меншікке өтуге қарсы. Олардың айтуынша, бұдан бұрын жекеге өткенде жолсеріктер талай қудаланып, жалақысы қысқарып, құқықтары тапталған. Сол себепті қызметкерлер болашағына алаңдап отыр.

Бұл «Батыс» аймақтық жолаушылар тасымалы филиалы «Маңғышлақ» телімінің жолсеріктері. Таң сәріден жиналған мамандар алдағы тағдырларына алаңдаулы. Олар бұған дейін 2008-2012-жылдары жекеменшік мекеменің қарамағында жұмыс істеген. Сол кезде қызметтен қуылу, еңбек өтілін есепке алмау, жалақыны төмендету сияқты әділетсіздіктерге тап болып, министрлікке дейін шағымданды. Сөйтіп күресіп жүріп, акционерлік қоғамның қарамағына қайта қосылған еді.

Ақөнер Құлбаева, жолсерік:

Жолсеріктердің құқытары тапталды. Қудаланды. Содан кейін вагондар сауда-саттыққа түсті. 100 доллардан 2 мың долларға дейін вагондарды жолсеріктерге сатты.

Асан Ағыбаев, жолсерік:

Жеке болған соң жекеменшік зат жеке адамның мүддесі. Сондықтан біз түбегейлі қарсымыз. Қарсылық жөнінде 90 жолсеріктің қолы қойылған қағаз жоғарыда жатыр. Біз осында бейбіт жолмен БАҚ арқасында жоғарыға жеткізгіміз келеді.

 «Маңғышлақ» телімі жекеге беріледі деген қауесет шыққалы жолсеріктерден маза кетті. Ал кеше филиал басшысы мен екі бірдей жекеменшік компанияның өкілі бұл ақпараттың нүктесін қойған. Яғни 1 қазаннан бастап қызметкерлер жекеменшік серіктестікке берілді. Бірақ бәрінің басы-қасында жүрген жергілікті басшы болса, мұны жоққа шығарды.

Батырбек Шіленбаев, «Маңғышлақ» телімінің бастығы:

Бүгінгі таңда бізде ешқандай бұйрық жоқ. «309-310 пойызы жекеге өтті» деген...

Сәуір айында тап осындай жағдай болып, жолсеріктер барлық құзырлы мекемелерге шағымданып, Президентке дейін хат жазған. Сол кезде мәселе шешіліп еді. Алайда көп уақыт өтпей жағдай қайталанып отыр. Бұл жолы да 100-ге жуық адам билік басындағыларға арыз жолдады.

Осы оқиғадан кейін біздің тілшілер «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамына хабарласып, мәселенің мән жайын сұрады. Компанияның ресми өкілі батыс филиалының жекеге өткенін растады.

Диас Ахметшәріп, «Жолаушылар тасмалы» АҚ ресми өкілі: 

Өткен рас. Бірақ оны шешетін біз емес. Оны шешетін Көлік комитеті. Олар тендер жариялайды. Сондықтан олар өздері шешеді. Кім тасмалдайтынын. Жалақысы қысқармайды. Сол қалпы қалады. 

Аягөз ОРАЛБАЙ


Хабарламаларға жазылу