Көкшетауда теміржол тарифін негізсіз қымбаттатқан монополист компанияның қызметіне шағымдануда
Көкшетауда 30-дан астам кәсіпкер теміржол тарифін қымбаттатып, білгенін істеп отырған монополист компанияның қызметіне шағымдануда. Айтуларынша, қойылған баға негізсіз. Өзі би, өзі қожа монополист қарсы келгендермен жұмыс істеуден бас тартатын көрінеді. Әбден зорыққан кәсіпкерлер биліктен көмек сұрап, шағым айтты.
Көкшетаудың солтүстік өндірістік аймағында 100-ге жуық кәсіпорын бар. Олардың көбі теміржол қызметін пайдаланады. Қазір магистральды жол мен зауыттарды байланыстыратын кірме бағыттар «Көліктік қызмет көрсету орталығы» АҚ тиесілі. Олар бірнеше жыл бұрын меншік иесі атанып, қызмет көрсету құнын өсірген.
Назым Омарова, кәсіпкерлердің өкілі:
Кәсіпкерлер үшін шарттар мүлдем тиімсіз. Тариф бұрынғы құнмен салыстырғанда еселеп жоғарылаған. Оған қандай себептер негіз болғаны да түсініксіз. Теміржол жалғыз. Сондықтан кәсіпкерлер талап еткен қаржыны төлеп, шығынға батуға мәжбүр. Кейбір кәсіпорындарда жұмысшылар қысқарды. Себебі қосымша шығындарды азайту қажет болды.
Өзекті мәселеге кәсіпкерлер палатасы да араласқан. Сарапшылардың пайымынша, тариф құны айтарлықтай қымбаттаған жоқ. Тек кәсіпкерлер үшін төлемді есептеу тәсілі тиімсіз.
Шыңғыс Теміров, Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:
Кәсіпкер 500 метр теміржолды ғана қолданса, ол неге 1 шақырым, 2 шақырым үшін ақша төлеу керек? Қазіргі келісім шарт бойынша қолданушы жолдың барлық ұзындығына қаржы төлейді. Сондықтан біз үлгі шартты өзгертуді ұсынып отырмыз. Сонда шығын әлдеқайда азаяр еді.
«Көліктік қызмет көрсету орталығы» табиғи монополияларды реттеу комитеті болса, бекіткен ереже аясында жұмыс істеп жатырқандарын айтты. Ал тариф және оны есептеу жұмыстарына келгенде ол бізге байланысты емес деп ат тондарын ала қашты.
Әлібек Төлеп, ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің басқарма басшысы:
Бүгінгі таңда аталған үлгі шарттарға өзгерістер дайындалып министрліктер тарапынан алдағы уақытта сәйкес министрліктерге және де ассоциацияларға келісуге жолданатын болады. Сондай-ақ кірме жолдар саласындағы қызмет ететін, монополисттердің қызметін реттейтін бірқатар өзгерістер дайындалуы жоспарланады.
Шағым айтқан кәсіпкерлердің талап-тілегі орындалуы үшін монополистерге қатысты заң нормасы керек. Ал енді ұсынылған жобаның қашан күшіне енетінін уақыт көрсетеді.
Ермек ЕЛБЕРГЕН
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы